Комадан шыққан Айдос Ербосынұлы қазақстандықтарға алғыс айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Танымал қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы отандастарына үндеу жасап, кубалық боксшы Давид Моррельмен болған жекпе-жектен кейін алған ауыр жарақатынан кейінгі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
None

Suleimen Promotions командасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Айдос Ербосынұлы телефон арқылы қазақ халқына сәлем жолдаған.

«Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Қалдарыңыз қалай? Біз Аллаға шүкір, тәуір болып келе жатырмыз. Осы жекпе-жектен кейін жарақат алып қалдық. Айналысып жүрген спортымыз оңай спорт емес.Үлкен спорт болғандықтан, мұндай жағдайлар болып тұрады. Маған дұға тілеп, тілектес болған баршаңызға Алла разы болсын. Рақмет!» - деді Айдос Ербосынұлы.

Еске сала кетейік, 6 қараша күні Айдос кубалық Давид Моррельден нокаутпен жеңілген болатын.

Суперорта салмақ санатындағы жекпе-жек WBA нқсқасы бойынша «тұрақты» әлем чемпионы атағы үшін өтті.

Айқастан кейін Ербосынұлы шұғыл түрде Миннеаполис қаласындағы ауруханалардың біріне жеткізілді. Оған «миына қан кету» диагнозы қойылды.

Бұдан әрі ол жасанды комаға жіберіліп, ота жасалды.

Күні кеше боксшы командасының өкілдері оның комадан шығып, жағдайы жақсарғанын мәлімдеген еді.

Айта кетейік, Президент нағыз білек пен жүректі талап ететін спорт түрімен кәсіби түрде шұғылданып жүрген Айдос Ербосынұлына қолдау білдіріп, жеделхат жолдады.

Супер орта салмақта әлемнің абсолютті чемпионы Сауль «Канело» Альварес те ауыр нокаут алып ауруханаға түскен Айдос Ербосынұлына қолдау көрсеткенін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық боксшы Геннадий Головкин де отандасының тезірек айығып кетуіне тілестестік білдірген еді.

Фото: sports.kz


Соңғы жаңалықтар