Қомақты қаржы салған үйден үміті үзілген қарағандылық үлескерлер Астанаға келіп мұңын шақты
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта елімізде тұрғын үй құрылысына салған қаражатын даулап жүрген үлескерлер азаймай тұр. Бүгін қарағандылық тұрғындар биліктің назарын аударту үшін Астанада арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, құрылыс компаниясынан тиісті қаражатты қайтарып беруді талап етті.
Қарағандыдағы элиталық шағын аудандардың бірінің үлескерлері көпқабатты үйдің құрылысына әжептәуір қаражат салыпты. Алайда, құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанына 2 жыл болған. Сәйкесінше, 9 қабатты тұрғын үйдің тек екі қабаты ғана салынған. Атап айтсақ, «Манхэттен» деп аталатын аяқталмаған жаңа ғимараттың құрылысы 2022 жылы басталып, былтыр қыркүйекте күтпеген жерден тоқтап қалған.
«Біз әлеуетті сатып алушыларды тарту үшін пәтерлер мен құрылыс компанияларын жарнамалайтын консалтингтік компаниямыз. Бүгінде біздің компаниямен 20-ға жуық үлескер тартылды, олар осы үйге шамамен 350 млн теңге инвестициялады. Сатылым 2022 жылдың қыркүйегінде басталды. Құрылыс алға жылжыды, өткен жылдың тамыз айынан бастап тұрғындардан алғашқы өтініштер түсе бастады. Қазан айында үй құрылысы күптеген жерден тоқтап қалды. Мұндай жағымсыз жағдайға алғаш рет тап болып отырмыз. Біз құрылыс компаниясына сендік. Мәселені анықтауға кіріскенімізде, бар проблема жер учаскесінде екені белгілі болды. Құрылыс компаниясы құжаттарды тапсырған кезде жер учаскесіне акт және жердің оның меншігінде екенін растайтын кадастрлық анықтама берді. Кейінірек біз келісімшартта құрылыс салушы жердің төлемақысын 2023 жылдың 1 тамызына дейін төлеуге міндетті екенін білдік. Бұл шартты олар орындаған жоқ. Әу баста шарт айырбастау арқылы жасалғанымен, қазір жер иесі мен құрылыс компаниясы учаске бағасына келісе алмай отыр», - деді Қарағанды қаласы «Ипотека орталығы» ЖШС директоры Айнұр Сүлейменова.
Оның айтуынша, осы уақыт ішінде үш әлеуетті инвестор құрылысты жалғастыруға дайын болған. Алайда, ушыққан мәселелер үлескерлердің пәтерсіз қалуына әкеп соғуы мүмкін.
«Жағдай тығырыққа тірелді. Құрылысты өз мойнына алуға дайын әлеуетті инвестор бар болғанымен, әу баста құрылыс жұмыстарын қолға алған компания жобаны өткізуге құлықсыз. Телефон тұтқасын көтермейді. Біз полицияға, облыс, қала әкімдіктеріне, прокуратураға хабарласып, тіпті, Президентке дейін хат жаздық. Біз бүгін Астанаға арнайы жиналып, құзырлы органдар мәселеге назар аударады деген үмітпен келдік», - дейді А.Сүлейменова.
Белгілі болғандай, тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алу үшін 100 пайыз төлем жасаған үлескерлер де бар екен.
«Біз жер учаскесі мәселесінде алдау фактісі бойынша полицияға арыз жаздық. Құрылыс салушы бізге жердің оған тиесілі емес екенін және ақысын төлемегенін айтқан жоқ. Әу баста әкімдіктегілер компанияның үлескерлердің қаражатын тартуға мүмкіндік беретін құжаттары жоқ деп мәлімдеп, айыппұл салған болатын. Осылайша, әкімдік бастапқыда құрылыс салушының үлескерлердің қаражатын тартуға құқығы жоқ екенін білді, десе де, үлескерлерге ескертпеді. Біз тұрғын үй кешенін жарнамалайтын компания ретінде құрылыс компаниясынан үлестік құрылысқа қатысты құжаттарды талап етуге құқығымыз жоқ, - дейді Қарағанды қаласын «Ипотека орталығы» ЖШС заңгері Арман Жамбылов.
Үлескерлер ақшаны қайтару туралы сотқа дейінгі шағым жазғанымен, құрылыс компаниясынан жауап жоқ. Қалалық әкімдіктегілер құрылыс компаниясының қаржылық проблемалары бар екенін, салдарынан жұмысты жалғастыра алмайтынын алға тартып отыр.
«Мен көпбалалы анамын, кәмелетке толмаған 4 балам бар. Мен пәтерді жаңасын сатып алу үшін саттым. Толық соманы енгіздім. Енді не істеуім керек? Біз жалдамалы пәтерлерде тұрамыз, бұл өте қымбат. Үлескерлердің арасында көпбалалы аналар, зейнеткерлер және жалғызбасты аналар да бар. Бәріміз құрылыс алаңына барып тұрайық. Сонда ғана біздің мәселемізге билік назар аударар», - дейді Қарағанды тұрғыны Айша Сүлейменова.