Комисия өлім жазасын жою жөніндегі екінші факультативтік хаттаманы ратификациялауды ұсынуда

АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Қазақстан Үкіметіне және Парламентіне Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жою жөніндегі екінші факультативтік хаттамасын ратификациялауды ұсынып отыр.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада «2009 жылғы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының жағдайы туралы» комиссия баяндамасы жобасының талқылануында аталмыш комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баяндамада негізгі екпін адамның өмір сүру құқығын сақтауға салынған. Мұнда Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің өлім жазасын жою жөніндегі екінші факультативтік хаттамасын Қазақстан тарапынан ратификациялау ұсынылған. Конституциялық кеңес мүшелерінің пікірінше, олар бізді қолдап отыр, Конституция өлім жазасын жоюға тыйым салмайды, тек заңнамалық деңгейде өлім жазасын қолдануды шектейді. Қазақстан адам құқықтарын қорғау саласындағы көптеген халықаралық құқықтық актілердің қатысушысы болып табылады. Ратификацияланған халықаралық актілердің ұлттық заңнамаға қарағанда басымдығы бар. Оның үстіне бізде адам құқығы мемлекет пен басқа да ұйымдар үшін ортақ құндылық ретінде мойындалған. Осыны назарға ала отырып, Комиссия Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Парламентке өлім жазасын жою жөніндегі екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы ұсыным жасайды», деді отырыста Т. Әбішев.

Айта кетейік, Қазақстанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2003 жылы өлім жазасына толық бас тартылғанға дейін мораторий жарияланған болатын. ҚР Конституциясына 2007 жылы аса ауыр жаза көзделуі мүмкін қылмыстық іс-әрекеттердің тізбесін едәуір қысқарту бойынша енгізілген өзгерістерге сәйкес, мұндай қылмыстарға адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған ерекше ауыр қылмыстар жатады және де жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш етуге хақы бар.

Ал, жалпы отырысқа қатысушылар баяндамада Қазақстандағы адам құқықтары жағдайының жан-жақты талқыланғанын, адам құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау саласында жағымды және жағымсыз үрдістердің айқындалғанын, сондай-ақ Қазақстан ратификациялаған халықаралық құқықтық актілердің талаптарынан туындайтын Қазақстанның халықаралық міндеттемелері аясында берілген ұсынымдардың өзектілігі мен негізділігін атап өтті. Жан-жақты талқылаудың нәтижелері бойынша «2009 жылғы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының жағдайы туралы» комиссия баяндамасын Мемлекет басшысының қарап, бекітуіне ұсыну туралы шешім қабылданды. Комиссия баяндамасындағы іс-шаралар Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары мәліметтерінің негізінде таңдалған бірнеше басым бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталатын болады.

Соңғы жаңалықтар