Комитет шетелден ақша алатын адамдардың ЖСН нөмірін неліктен көпшілікке жариялады
Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік көздерден қаржыландырылатын тұлғалардың тізімін жариялауға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, кеше мемлекеттік кірістер комитеті биылғы бірінші жартыжылдықта шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізімін жариялаған еді.
Алайда онда олардың жеке ЖСН нөмірі көрсетілгендіктен бұл жағдай қоғамның ашуын туғызды.
Құжатқа әр түрлі бағытта жұмыс істейтін 240 ұйым мен азаматтардың есімі енген.
Комитеттің хабарлауынша, 2018 жылдан бастап Салық кодексіне шет мемлекеттерден, шетелдіктерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың мемлекеттік кірістер органдарына есеп беруі туралы талап енгізілген.
2022 жылы Салық кодексінің 29-бабына өзгеріс енгізілді, оған сәйкес мемкірістер комитеті өзінің интернет-ресурсында шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізілімін жариялайды.
«Бұл түзету азаматтардың мемлекетке де, үкіметтік емес ұйымдарға да сенімінің деңгейін арттыруға бағытталған. Аталған нормаларды іске асыру мақсатында Қаржы министрлігі тиісті қағиданы бекітті, тізілімде шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың атауы мен сәйкестендіру нөмірі (БСН/ЖСН) көрсетіледі (2018 жылғы 20 ақпандағы № 240 бұйрық). Салық кодексінің 30-бабына сәйкес салық төлеушінің атауы мен сәйкестендіру нөмірі салықтық құпия болып табылмайды» деп түсіндіреді ведомстводан.