19:11, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Комитет төрағасы Чех Республикасы Сауда-өнеркәсіптік палатасының президентімен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Владимир Бобров Чех Республикасы Сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Иржи Неставаламен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуге Қазақстан тарапынан бірқатар министрліктер өкілдері, чехия тарапынан мемлекеттік орган мен ірі компаниялар басшылары қатысты. Депутат В. Бобров жүздесу барысында Қазақстанның негізгі экономикалық даму жетістіктері туралы және ел Үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламасы, сондай-ақ, экономикаға шетелдік инвестициялар тарту шаралары жайын әңгімелеп берді. Сонымен бірге, комитет төрағасы Қазақстан мен Чехия арасындағы экономикалық-сауда байланысының оң үрдіс алып отырғанына тоқталып өтті. Бүгінгі күні елімізде 172 қазақстан-чех бірлескен кәсіпорындары экономиканың түрлі салаларында қызмет атқаратын көрінеді.
Өз кезегінде И. Неставал Чехия экономикасына да әлемдік дағдарыстың салқыны тиіп отырғанын атап өтіп, бұл бағытта қажетті шараларды қамту жүргізіліп жатқандығына тоқталды. «Жалпы, қандай кезең болмасын Қазақстан мен Чехияның ынтымақтастығы, әсіресе сауда-саттық жағынан әріптестігін арттыра түскен орынды деп білемін. Екі мемлекет арасында бүгінгі күні энергетика, энергия сақтау және қоршаған ортаны қорғау аясындағы ынтымақтастықтың перспективасы мығым болады», деді мейман.