Комитетте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Қылмыстық-атқару және Қылмыстық кодекстердің жобалары қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің жобасы қаралды.
None
None

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциядағы жобасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы елеулі түрде реформалауды, сыбайлас жемқорлық тәртіп бұзушылықтарына ықпал ететін ережелерді алып тастауды, әкімшілік-құқықтық әрекеттерді және әкімшілік жауаптылыққа тартудың теңгерімді тәртібін мейлінше нақты айқындауды мақсат етеді.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін төленетін айыптардың мемлекет бюджетіне түсу жиілігін ынталандыруға әсер ету, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың тиімділігін арттыру мақсатында кодекс жобасымен әкімшілік құық бұзушылық туралы істер бойынша қысқартылған өндірістің жаңа тәртібі бекітіледі, оған сәйкес көрсетілген айып сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеу құқығы (811 бап) енгізіледі.

Жобамен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер және оларға жаңадан ашылған жағдайлар бойынша шағымдар мен қарсылықтарды қарау нәтижелерін айқындаулар бойынша заңды күшіне енген қаулыны қайта қарау институты енгізіледі, сөйтіп, арыз беру арқылы жеке және заңды тұлғаның құқықтарын қорғауды іске асыру мүмкіндігі беріледі.

Құжатта айыптың нақты белгіленген мөлшері қарастырылған, ол әкімшілік жаза кесу барысында сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ комитетте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Құжатта коллизияларды, қайшылықтарды және олқылықтарды болдырмау үшін Азаматтық процестік, Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстерге және бірқатар заңдарға түзетулер енгізілетін болды.

Одан басқа, комитетте Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы екінші оқылымда қаралды. Кодекс жобасы сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін айтарлықтай арттыру мақсатында қылмыстық-атқару заңнамасын одан әрі жетілдіруге және қылмыстық жазалардың орындалу тиімділігін арттыруға бағытталған. Құжат бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды неғұрлым кең қолдану, пенитенциарлық және пенитенциарлықтан кейінгі қылмыстың қайталану деңгейін төмендету, сотталғандардың әлеуметтік бейімделуі үшін жағдай жасайды, сондай-ақ сотталғандармен жүргізілетін тәрбие процесіне жұртшылықтың қатысу тетігін қалыптастырады.

Комитет отырысында сондай-ақ еліміздің Қылмыстық кодексінің жобасы да (екінші оқылымда) қаралды. Заң жобасын талқылау барысында айтылған ескертпелер мен ұсыныстарды ескере келіп, Мәжілісте мақұлданған заң жобасына өзгерістер мен түзетулер енгізу қажеттігі туындады. Кодекс жобасы осыған дейін қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес жазылған 229 және 230 баптармен толықтырылды. Толықтырылған жаңа екі бапқа байланысты қарастырылып отырған жобаның тұтастай мәтініне сілтеме ережелермен түзетулер енгізілді. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге сәйкес, 403 баптың кейбір бөліктері алынып тасталып, ол әкімшілік құқық бұзушылықтың түрі ретінде еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне беріледі. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге байланысты 45 баптан қосымша жаза ретіндегі мүлікті тәркілеу алынып тасталады.

Сондай-ақ комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды. Талқылау барысында комитеттердің ескертулері мен ұсыныстарын ескере келіп, Мәжілісте мақұлданған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Құжатта «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік сатып алулар туралы» секілді тоғыз заңға түзетулер бар. Экстремистік және террористік бағыттағы қылмысы үшін сотталған адамдар үшін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс жасағаны үшін қылмыстық қудалаулар ақталмаған негіздер бойынша қысқартылған адамдарға қатысты балалармен жұмыс істеуге тыйым салу мақсатында еліміздің Еңбек кодексінің 26 бабының редакциясына өзгерістер енгізіледі.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар