Коммуналдық төлемдер табысының 10%-нен асып кеткен тұрғындар мемлекет көмегін ала алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылар табысына әсер етпейді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: primeminister.kz
«Бұрын біз инвестициялық бағдарламаларды және табиғи монополия субъектілерінің тарифтерін түзете алмайтын едік. Енді оған мүмкіндік бар. Тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылардың табысына әсер етпейді. Бұл мәселе жан-жақты пысықталды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі берілуде», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, төлем коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10%-нен асып кеткен жағдайда төленеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түсіндіруінше, кез келген тұрғын табысының 10%-ынан астамы коммуналдық төлемге жұмсалғанын құжаттар арқылы растап, әкімдікке жүгіне алады. Аталған төлемдер тоқсан сайын төленеді.

«Мысалы адам 200 мың теңге жалақы алса, коммуналдық шығындар 25 мың теңге болса, қалғаны әкімдік тарапынан төленеді. Бұл төлем үшін жалғыз баспанасы бар адамдар, коммуналдық баспана қорынан жалдап тұратындар жүгіне алады», - деп түсіндірді ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Тұрғын үй шаруашылығы басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл.

Айта кетейік, биыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-тен 30%-ке дейін өседі.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы қалай жүргізілетінін түсіндірген еді.

Сондай-ақ, Премьер-Министр соңғы екі жыл бойы Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы сезіліп жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар