13:12, 12 Мамыр 2010 | GMT +5
Композиторлар одағының филиалы ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 12-сі. Қаз Ақпарат /Руслан ИГІЛІК/ - Өнер қонған өлке Қызылордада тұңғыш рет Қазақстан Республикасы композиторлар одағының филиалы ашылып, А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде осы одақтың ашылу салтанаты өтті.
Тұсаукесер рәсімінде Тұрмағанбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі Қазақстан композиторларының жиырмаға жуық шығармаларын орындады. Жиында Қазақстан композиторлар одағы төрайымының орынбасары Артық Тоқсанбаев және кеңес мүшелері Бейбіт Дәлденбаев, Ермек Өміров, Еділ Құсайынов және Шымкент облыстық композиторлар бөлімшесінің төрағасы Алдаберген Көшербаев құттықтау сөз сөйледі.
Салтанатты шарада бір топ жергілікті композитор одақ мүшелігіне қабылданып, оларға куәліктер табысталды.
Бұл бөлімнің ашылуы ел ішіндегі таланттардың танылуына игі әсерін тигізеді деп үміттенеміз.