Компьютер болмаған кезде статистика қалай жиналды — статбюро
АСТАНА. KAZINFORM – Барлық мәлімет қағазға түсіріліп, цифрлық технология әлі қолданысқа енбеген уақытта үлкен деректер қалай өңделді? Ұлттық статистика бюросы тарихқа шегініс жасап, статитикалық мәліметтер қалай жиналғанын жазды.
— XX ғасырдағы статистиктердің негізгі құралдарының бірі арифмометр болды. Оның көмегімен көрсеткіштерді қосу, азайту, көбейту және бөлу сияқты негізгі арифметикалық амалдар орындалды. Кейінірек есептеу-талдау машиналары — табуляторлар кеңінен қолданыла бастады. Олар арнайы бағдарламалар бойынша жұмыс істеп, перфокарталардағы деректерді өңдеп, нәтижесін қағаз таспаға шығаратын, — деп жазды статбюродан.
1957 жылы есептіліктің қарқынды өсуіне байланысты республикалық Машина-есеп станциясы және облыстарда осындай бөлімшелер құрылды.
— Бұл құрылымдар деректерді жинау, өңдеу және біріктіру жұмыстарын атқарды. 1960-жылдардың соңында статистикада «БЭСМ Б», «Минск 22» және «Минск 32» электронды есептеуіш машиналары қолданылды. 1970-жылдардың ортасынан бастап машина-есеп станциялары есептеу орталықтарына айналды. Олар орталықтандырылған түрде жаңа техника мен ресурстар алып отырды. Сол кезде ЕС сериялы ЭЕМ-дер (1020/22, 1032, 1035/36, 1055, 1066 және т. б.) кеңінен таралды, — делінген хабарламада.
Аудандық және қалалық есептеу орталықтары мыңдаған кәсіпорынға, соның ішінде колхоздар мен мемлекеттік мекемелерге де қызмет көрсетті. Дәл осы машиналардың арқасында 1970-жылдардың ортасында Мемлекеттік статистиканың автоматтандырылған жүйесін енгізу мүмкін болды.
Бұл жүйе жылдық есептерді, санақ материалдарын және бір жолғы есептерді өңдеу процесін айтарлықтай жеделдетіп, деректерді жедел қалыптастыруға жол ашты. Бүгінгі күні статистика толықтай заманауи технологияларға негізделген.
Процестердің автоматтандырылуы деректерді өңдеу мерзімін бірнеше есе қысқартты. Бұрын ЖІӨ көрсеткіштерін есептеу жиырма күнге дейін уақыт алса, қазір бар болғаны бір сағатта орындалады.
Үлкен деректерді өңдеуде open source шешімдеріне негізделген архитектура қолданылады. Соның нәтижесінде кейбір көрсеткіштерді өңдеу уақыты 24 сағаттан 2 сағатқа дейін қысқарды.
Ал еліміздің цифрлық штабы Президент Жолдауын орындау үшін бірқатар шешім қабылдады. Билік органдары жаппай жасанды интеллект жетістіктерін енгізуге ден қойып отыр.