Компьютерлер мен электрондық жабдықтардың өндіріс көлемі 74,3%-ға өсті
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың алғашқы бес айында компьютерлер, электрондық және оптикалық құрал-жабдықтар өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74,3%-ға өсіп, 41,7 млрд теңгеден асты (өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 30 млрд теңгеден аз болған).

Нақты мәнде өндіріс көлемі 89%-ға ұлғайды (өндіріс көлемінің нақты индексі — 189,3%). Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Машина жасау өнеркәсібін дамыту дирекциясы хабарлады.
— Өндірістің артуы салаға бағытталған инвестицияның күрт өсуімен тікелей байланысты. 2025 жылдың алғашқы бес айында компьютерлер, электрондық және оптикалық құрал-жабдықтар өндірісіне салынған инвестиция көлемі шамамен 2,3 млрд теңгеге жетті. Өсім 2 млрд теңгеден асып, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 9 есе жоғары болып отыр, — делінген хабарламада.
Ең үлкен өсім электрондық тұрмыстық техника өндірісінде — 68 еседен астам (95,9 млн теңгеден 6,5 млрд теңгеге дейін) және электрондық элементтер өндірісінде — 15 еседен астам (65,3 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін) байқалады.
Биыл Қарағанды облысының Саран қаласында Samsung брендімен теледидарлар мен басқа да техникаларды шығаратын «Silk Road Electronics» ЖШС жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында нақты мәндегі көрсеткіш бойынша бірқатар өнім түрлерінің өндірісі айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, дыбыс немесе бейнені жазуға және ойнатуға арналған құрылғылармен біріктірілген түрлі-түсті теледидар қабылдағыштарының өндірісі 7 есе өскен. Сонымен қатар, өзге де жартылай өткізгіш құралдар (фотосезімтал аспаптардан басқа) өндірісі 10 есе артқан.
Айта кетелік Қызылордада сантехника шығаратын жаңа зауыт салуға €70 млн тартылатыны туралы жазған едік.