Көмір электр станцияларынан зиянды газ бөлінуі 34%-ға дейін қысқарады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту жоспарланып отыр, деп жазды Энергетика министрлігі.
Жоба қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған «таза көмір» технологияларын енгізуді көздейді. Атап айтқанда, жаңа станциялар бу мен температураның аса жоғары критикалық параметрлерінде жұмыс істейді. Бұл электр энергиясын өндіру тиімділігін 5–6%-ға арттырып, көмір шығынын азайтуға және зиянды шығарындыларды төмендетуге мүмкіндік береді.
– Ұлттық жоба аясында жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағы станцияларды заманауи экологиялық шешімдер негізінде жаңғырту көзделген. Түтін газдарын тазартуға арналған заманауи жабдықтар, оның ішінде электрофильтрлер, қап сүзгілер, селективті каталитикалық қалпына келтіру жүйелері және десульфурация қондырғылары орнатылады, – делінген мәліметте.
Сонымен қатар қолданыстағы көмір электр станцияларын кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланған. Бұл ретте ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге басымдық беріледі.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде көмір электр станцияларынан зиянды заттардың шығарылуы 34%-ға қысқарып, негізгі генерациялайтын жабдықтардың тозу деңгейі төмендейді және энергия жүйесінің сенімділігі артады.
Айта кетейік, Павлодарда өндірістік нақты шығарындылардың көлемі 60 мың тоннаға азайған.