Көмір генерациясы: 49 пайыздық өсім мүмкін бе

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Елде өндірілетін электр қуатының шамамен 40 пайызы Павлодар өңіріне тиесілі. Жақын жылдары бұл көрсеткішті 49%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Көмір генерациясы: 49 пайыздық өсім мүмкін бе
Фото: Валерий Бугаев

Бүгінде облыстағы энергия көздерінің жиынтық қуаты — 8542 МВт. Негізгі салмақты Б. Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1 стансасы (4040 МВт) мен Екібастұз МАЭС-2 стансасы (1000 МВт) көтеріп отыр. Сондай-ақ Ақсудағы Еуроазиялық энергетикалық корпорация стансасы (2475 МВт) — аймақ энергетикасының маңызды буыны. Өткен жылы өңір 49,1 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндірді. Бұл — республика бойынша аса қомақты үлес. Павлодар тек тұтынушы емес, елдің индустриялық белдеуін жарықпен және жылумен қамтып отырған негізгі донор аймақ. 

— Алдағы жылдары жүзеге асуы тиіс жобалар ауқымы ерекше. Ең ірісі — Екібастұз МАЭС-3 стансасының құрылысы. Жоба бойынша әрқайсысы 660 МВт болатын төрт энергия блогы орнатылып, жалпы қуат 2640 МВт-қа жетпек. Бұдан бөлек, МАЭС-2-де № 3 және № 4 блоктар (әрқайсысы 550 МВт) салынады. Егер барлық жоспар толық орындалса, өңірдегі электр қуатының өндірісі 8542 МВт-тан 12717 МВт-қа дейін ұлғаяды. Өсім — 49 пайыз. Бұл Павлодардың елдегі электр өндірісіндегі үлесін іс жүзінде 50 пайызға жақындатуы мүмкін, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Бірақ бұл жерде мынадай заңды сауал туындайды: ішкі нарықтағы сұраныс пен экспорттық әлеует бұл көлемді толық игере ала ма? Қазіргі таңда Қазақстанда электр тұтыну біркелкі емес.

Солтүстік артық өндірсе, оңтүстік тапшылық көреді. Демек, жаңа қуат тек өндіріс көлемін арттыру емес, энергия ағынын тиімді басқаруды да талап етеді.

Жергілікті қуат өндіретін алып нысандардың барлығы бүгінде көмірді пайдаланып отырғаны белгілі.

Ал аталған жерасты байлығына Ертістің Павлодар өңірі аса бай. Көмір өндіруші кәсіпорындардың өндірістік қуаты шамамен — 80 млн тонна. Оның ішінде КСН маркалы тас көмір — 70 млн тонна, 3Б маркалы қоңыр көмір — 9 млн тонна, Т маркалы тас көмір — 600 мың тонна. 

Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі тау-кен секторының үлесі 24,9 пайыз болса, тау-кен өндірісі секторының үштен бірі көмір өндірісіне тиесілі. Ал елімізде өндірілетін көмірдің 60%-ы Павлодар жерінен шығатынын екінің бірі біле бермейтіні анық. Былтыр облыста көмір өндірісі 3,8% пайызға артып, өндіріс көлемі 298,4 млрд теңге. 

Бұл салада Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС, «ЕЭК» АҚ-ның «Шығыс» кеніші, «Ангренсор-Энерго» ЖШС, сондай-ақ Баянауыл ауданындағы Майкөбе көмір бассейніндегі қоңыр көмір (лигнит) өндіретін «Гамма Сарыкөл» ЖШС мен «Майкөбен-Вест» ЖШС танымал. Бұлардың ішінде «Богатырь Көмір» мен «Шығыс» кеніші өңірдегі барлық көмірдің 80 пайызын беріп отыр. Көмір өндіру саласында бүгінде 15 мыңнан астам адам «екі қолға — бір күрек» тапқан.

Еске сала кетейік, елде көмір өндірісін арттыру бойынша ірі компаниялар жоспарларын жариялады

Соңғы жаңалықтар