Көмірді жаға бермей, қайта өңдеу керек - депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Алтынбек Нухұлы өзінің депутаттық сауалында еліміз көмірді терең өңдеу және технологиялық өсу мүмкіндігінен артта қалып отырғанын мәлім етті. Осы орайда көмір химиясы саласын дамыту қажеттігі туралы айтты.

Алтынбек Нухұлы
Фото: senate.parlam.kz

Сенатордың сөзіне қарағанда, Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде 9-орында тұрғанына қарамастан, бүгінгі таңда бұл ресурстың аз бөлігі ғана тиімді пайдаланылып отыр. Қытай, Германия және Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерде көмір химиясы өнеркәсіп саясатының негізгі бөлігіне айналды. Мысалы, Қытай жыл сайын тыңайтқыштарды, еріткіштерді, наноматериалдарды және электроника бөліктерімен бірге қосылған құны жоғары өнімдер үшін көмір өңдейді. Қазақстанда бұл салада мақсатты мемлекеттік саясат жоқ, ал көмір химиясы тіпті басым ғылыми бағыттардың тізбесіне кірмейді.

– Көмірден өндірілетін ішкі өнім Қазақстан экономикасына қосымша 25-30 млрд АҚШ доллары сомасында өнім әкеледі деген ғалымдардың болжамы бар. Көмір химиясының болашағы Қазақстан үшін өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді жүргізу үшін шетелдік озық тәжірибелер мен технологияларды тарту, ғылыми зерттеулерді күшейту, осы саланы қарқынды дамыту елімізге қомақты инвестиция әкелуі де әбден мүмкін, - деді Алтынбек Нухұлы Сенаттың жалпы отырысында.

Депутат 2026-2035 жылдарға арналған көмір химиясын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді, тиісті заң жобасын дайындауды және көмір химиясы кластерлерін құру жөніндегі жол картасын бекітуді ұсынды.

Сонымен қатар сенатор «Көмір мен құрамында көміртегі бар шикізат пен қалдықтарды кешенді қайта өңдеу» тақырыбын Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның басым ғылыми бағыттарының тізбесіне енгізуді ұсынды.

Монымен қоса ол көмір химиясы бойынша Ұлттық ғылыми-инновациялық орталық құру, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын енгізу және «Болашақ» бағдарламасы аясында осы мамандық бойынша оқуға квота бөлу жөнінде бастама көтерді.

Бұған дейін хабарланғандай, көмір өндірісінің жаңа техникалық регламенті бекітілді.

Соңғы жаңалықтар