Көмірге кезек: Өскеменде қара отынды арзан бағамен алуға өтініш қабылдау басталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскеменде әлеуметтік көмірге алдын ала өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жыл сайын күздің қазан және қараша айларында қаладағы көмір тұйықтарында ұзын-сонар кезек қалыптасады. Соның алдын алу үшін әлеуметтік бағамен сатылатын қара отынды алуға өтінішті қабылдау ерте басталып отыр.
Әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы отбасыларды көмірмен уақтылы қамтамасыз ету үшін қала әкімдігі, «Қаражыра» көмір кен орнының басшылығы және «Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымы» қоғамдық бірлестігі арасында үшжақты меморандум жасалды. Осының аясында жер үйлерде тұратын және қала маңындағы ауылдардың халқына көмірді – тоннасына 15 700-16 200 теңге аралығында сатып алуға мүмкіндік берілмек.
– Халық қара отынды төрт көмір тұйығынан ала алады. Өтініштер тұрғылықты мекенжайы бойынша Орталық аумақтық басқару бөлімшелерінде қабылданады, - деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінен.
Осылайша, көмірге өтінішті ертерек беру – күзгі суық басталған кезде кезек пен отын тапшылығының алдын алады.
Әлеуметтік көмірге аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, тыл еңбеккерлері мен өзге де әлеуметтік санаттағы азаматтар үміткер бола алады. Олар үшін көмір бағасы әр тоннасына орта есеппен 500 теңгеге арзан.
Айта кетейік, бұл жоба Өскеменде 2007 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Еске салсақ, Қазақстанда көмір өндірушілерді қайта өңдеуге міндеттейтіні хабарланған болатын.