Қонаевта Алматы облысының ХІІ Азаматтық форумы өтті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласында «Жергілікті ҮЕҰ-дың мемлекеттік басқару ісіне қатысуы» тақырыбында Алматы облысының Азаматтық форумы өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Форум азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы серіктестікті нығайтып, ашық диалог дәстүрін жалғастырады.
Форумның негізгі тақырыбы — үкіметтік емес ұйымдардың жергілікті басқару процестеріне белсенді қатысуы, шешім қабылдау барысындағы рөлді арттыру, қоғамдық бақылауды дамыту және кері байланыс тетіктерін жетілдіру.

— Панельдік сессиялар аясында азаматтық қатысудың жаңа формалары, ауылдық өңірлердегі әлеуметтік бастамалар, жастар мен әйелдердің басқару ісіне араласуы, сондай-ақ ашық үкімет қағидаттарын ілгерілету мәселелері қарастырылды, — деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.
Форумның басты ерекшелігі — пікірталас алаңдарының заманауи форматта ұйымдастырылуы. Қатысушылар тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік орнатты.
— Пленарлық отырыста азаматтық қоғам инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық қаржыландыру жүйесін жетілдіру, волонтерлік пен қайырымдылықты насихаттау бағыттары талқыланды, — делінген ақпаратта.
Форум соңында өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосқан азаматтық қоғам өкілдері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Еске салсақ, тамызда Алматыда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған тәлімгерлік тақырыбындағы алғашқы республикалық форум өткен болатын.