Қонаевта бала өлімінен кейін жекеменшік электр желілеріне не болады – әкім жауабы

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Қапшағай су жағалауында болған қайғылы жағдайға байланысты пікір білдірді.

электр желісі
Фото: Алматы әкімдігі

Маусым айының басында Қонаевтағы демалыс аймағында ток соққан 11 жасар бала көз жұмды.

Қонаев әкімінің айтуынша, қайғылы оқиға 1970-шы жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан жекеменшік жағажайда болған. Ал электр беру желісі қауіпсіздік талаптарына сай болмаған.

— Аталған желілер жекеменшікке тиесілі болған. Оқиғадан кейін тексеріс жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижелері қосымша хабарланады. Екі күн ішінде желі басқа жерге көшірілді. Әдетте, электр беру желісін көшіру үшін түрлі келісімдер қажет, бұл уақыт алады. Алайда бұл жолы барлық қызмет жедел әрекет етті. Осыдан кейін біз облыс көлемінде, нақты айтқанда бұл салада жұмыс істейтін барлық кәсіпкерге тексеріс жүргіздік. Қазір олардың саны 140-тан асады. Барлығын акт залына жинап, Төтенше жағдайлар департаменті, прокуратура және аудандық электр жүйесі өкілдерімен бірге олардың міндеттерін түсіндірдік. Қазіргі таңда қала аумағында қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін, төмен түсіп тұрған желілер анықталған жоқ, — деді Асхат Бердіханов.

Әкім сондай-ақ электр беру желілері «жекеменшікте бола ала ма» деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, бұл жобалық шешімге байланысты. Егер меншік иесі келіссе, желі жекеменшік ретінде қала береді. Бірақ олардың қауіпсіздігі мен күтіміне толық жауапкершілік сол меншік иесінде болады.

— Бұл желілер қалалық құрылымға да, «Алатау жарық компаниясына» да тиесілі болмаған. Жауапкершілік те, кінә да меншік иесінде. Тергеу қорытындысын күтейік, — деді әкім.

Сонымен қатар Асхан Бердіхановтың айтуынша, электр желі иесіз деп танылса немесе бір жыл ішінде иесі табылмаса, сот арқылы аудандық электр жүйесінің меншігіне берілуі мүмкін.

— Жекеменшік электр желілерінің иесі оны қалалық меншікке өткізуге ниет білдірсе, барлық салықтарын төлеуі керек. Тек содан кейін аудандық электр жүйесі оны қабылдай алады. Қазір қалада иесіз желілер жоқ деуге болады, біз меншік иелерімен жақсы байланыс орнаттық, — деді әкім.

Еске салайық, бұған дейін Қапшағайда 11 жасар бала өлімінен кейін қаланың электр желілеріне тексеру жүргізілетінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар