Қонаевта мектеп оқушысы баспалдақтан құлап мерт болды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласының орта мектеп-гимназиясында оқушы абайсызда мерт болды.
БАҚ пен әлеуметтік желіде тараған ақпаратты Алматы облысының білім басқармасы растады. Ведомство мәліметінше, жазатайым оқиға 16 қараша күні сағат 13:18–де мектептегі үзіліс кезінде болған.
Мектеп ғимаратының үшінші қабатындағы баспалдақпен сырғанамақ болған оқушы құлап түскен. Салдарынан ол бас-миынан ауыр жарақат алды.
— Оқиға орнына дереу жедел медициналық жәрдем шақырылды. Бала аса ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер екі тәулік бойы 11 жасар баланың өмірін сақтап қалу үшін күресті. 17 қараша күні өмірлік көрсеткіштер бойынша шұғыл операция жасалды. Алайда медицина мамандарының барлық күш-жігеріне және жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қараша күні сағат 10:00–де баланың қайтыс болғаны тіркелді, — деп хабарлады басқармадан.
Алматы облысы білім басқармасының өкілдері қайтыс болған оқушының отбасына көңіл айтты.
Еске салайық, қыркүйек айында Қонаевта бала көлік астына түсіп, мерт болды.