Қонаевта тазалыққа байланысты 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Қонаевта стихиялық қоқыс орындары көбейген. Бұл туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.


«Жол жиектерінде стихиялық қоқыс орындары көбейгенін аңғардым. Жер иелеріне айыппұл салынады. Бұған дейін коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар қоқысты шығарғанымен, кей тұрғындар қайтадан тұрмыстық қатты қалдықтарды белгіленбеген орындарға әкеліп жатыр. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасын осындай жағдаяттар көбейген соң іске қосты. Тазалық мәдениетін қалыптастыруды әр тұрғын өзінен бастауы тиіс», - деп жазды әкім.
Сондай-ақ Асхат Бердіханов 9 күннің ішінде тазалыққа байланысты жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын мәлімдеді.

«1-9 қыркүйек аралығында ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына (қалалар мен елдiмекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу) сәйкес, 73 жеке және заңды тұлғаға 812 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Осы заңның 434-2-бабы бойынша (ортақ пайдалану орындарын ластау) 15 тұлғаға 276 900 тг көлемінде айыппұл салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасады», - делінген жазбада.
Еске салайық, бұған дейін Алматы көшелерінен күн сайын 150 тоннадан астам қоқыс шығарылатынын жазған едік.