Қонаевтағы базарда мерзімі өткен азық-түлік сатылған
ҚОНАЕВ.KAZINFORM - Қонаев қаласының тұрғындары «Алға» базарындағы ретсіз әрі лас сауда орындарына әлеуметтік желіде шағымданды.

Аталған жағдайға байланысты қала әкімінің үкімімен құрамына ветеринарлық инспекция, зертхана, жер қатынастары, кәсіпкерлік, ішкі саясат бөлімдерінің мамандары кірген мониторингтік топ құрылды. Сенбі күні бұл топ базардағы барып, ондағы жәрмеңкені тексерген. Нәтижесінде базардың демалыс күндері жәрмеңке өткізу орыны ретінде бекітілмегені, тауардың құжатсыз сатылу және мерзімі өткен шұжықтар мен түрлі тәттілерді, азық-түлікті «үй жануарларына арналған тағам» ретінде сату деректері тіркелген.
— Базар басшылығына қатысты тұрақ санының жеткіліксіздігі, сатушыларға жағдай жасалмауы, жабық павильондардың жоқтығы және базар аумағы стандарттарға сәйкес келмеуі туралы ұйғарым шығарылды. Мониторингтік топтың бұл ақпараты ары қарай шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберіледі, — деп хабарлады әкімдіктен.
Сондай-ақ Қонаев әкімдігінің мәліметінше, базар тұрған жер 11 учаскеге бөлінген, иелері де әртүрлі. Қысқы маусымда сенбі күнгі жәрмеңкеде 100-120 орында сауда жасалады. Жаздың күні бұл көрсеткіш 150-ге жетеді. Сатушылардың көбі Алатау қаласынан, Талғар ауданынан келеді.
Еске салайық, бұған дейін Павлодардағы дүкенде мерзімі өткен шұжық пен күнбағыс майы сатылғанын жазғанбыз.