Қонаевтағы демалыс орнындарына ортақ дизайн-код жасалады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласының жаңарған жағажайына күніне 2 мың адам келеді.

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың айтуынша, қалаға қарайтын 8 жағажай бар. Былтыр № 5 жағажай бюджет есебінен, ал биыл оның төңірегіндегі 1 шақырым жағажай инвестор есебінен абаттандырылып, қолданысқа берілген.
— Жағажайдың жаңа кейіпке енуі туристік тартымдылықты арттырды. Мысалы, былтыр қаламызға 1,5 млн демалушы келсе, биыл олардың саны шомылу маусымы аяқталмай-ақ 860 мыңнан асып кетті. Орта есеппен алғанда № 5 жағажайға күнделікті 1500-2000, демалыс күндері 4500-6000 адам келеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш, — деді әкім.

Сонымен қатар ол қалған 7 жағажай № 5 жағалауға ұқсас көркейтілетінін айтты. Атап айтқанда, жобада инфрақұрылым, санитарлық аймақтар, жасыл аймақтар, шағын сәулеттік нысандар, композициялар, демалыс орындары мен фудкорттар, қауіпсіздік шаралары қарастырылады.

— «Рауан» шағын ауданынан бастап «18» шағын ауданға дейінгі аумақты қамтитын 6,1 шақырым жағалау аймағы кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Оның ішінде № 5 жағалау қолданыста болса, қалғанының жобалық құжаттары дайындалып жатыр. Биыл шомылу маусымы аяқталған соң № 6 және № 7 жағажайда құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарланған. Ал № 8 жағажай инвестор есебінен абаттандырылады, — деді Асхат Бердіханов.

Қонаевта коммуналдық жағажайлардан бөлек, 140 демалыс орны бар. Қала әкімі оларды да бір реттілікке, қалыпқа келтіру үшін дизайн-код жасалып, ұсыныс берілетінін атап өтті. Сонымен қатар туризмді дамыту мақсатында бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге аспақ.
— 2025-2028 жылдар аралығында жалпы сомасы 306,4 млрд теңге болатын 11 инвестжоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Оның қатарында қонақүйлер, бассейндер, гольф-клуб, сауда үйлері және басқа да нысандар бар. Әкімдік тарапынан қажетті мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп жатыр, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қонаевта жаңа казинолар ашылуы мүмкін екенін жазғанбыз.