Қонаевтағы Отбасыны қолдау орталығына 1,5 мың отбасы тіркелген
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласындағы Отбасыны қолдау орталығына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 8 тұрғын жүгінген.

Қонаев қаласында Отбасыны қолдау орталығы қызмет етеді. Орталыққа 1535 отбасы тіркеліп, 1078 адамға көмек берілген. Оның ішінде: құқықтық мәселе — 204, әлеуметтік мәселе — 455, психологиялық көмек — 192 және демеушілер тарапынан 686 адамға жекелей қолдау көрсетілген.
— Осы уақытқа дейін орталықтың көмегіне тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 8 тұрғын жүгінген. Егер ана мен баланың отбасындағы жағдайы тым нашар болса, олар Алматы облыстық Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына орналастырылады, — деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кеткен жөн, Қазақстан бойынша отбасы, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған бірыңғай байланыс нөмірі — 111. Ал Қонаев қаласындағы Отбасыны қолдау орталығының мекенжайы — 1 шағын аудан, № 41 үй
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы ең алғашқы хоспис қалай жұмыс істеп тұрғанын жазғанбыз.