Қонақтар жаппай уланып қалған павлодарлық мейрамхана иесіне айыппұл салынды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Павлодар қалалық әкімшілік сотының қаулысымен санитарлық талаптарды сақтамаған мейрамханаға 275 мың теңге айыппұл тағайындалды.

ТШО, Каспий мұнай, Маңғыстаумұнайгаз және NCOC–ке қомақты сомада айыппұл салынды
Фото: Kazinform

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты санитарлық талаптарды өрескел бұзу дерегі бойынша әкімшілік істі қарады.

Сотта айтылғандай, биылғы 8 маусымда Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жедел жәрдем станциясынан «B» мейрамханасында болған азаматтарда жедел бактериялық ішек инфекциясы (ЖИА) жағдайлары тіркелгені туралы хабарлама келіп түскен.

- Сол күні эпидемиологиялық тексеру басталып, зертханалық сынамалар алынды. Тексеру барысында мейрамхананың тиісті рұқсаттарсыз жұмыс істегені анықталды. 9 маусымда қызметке тыйым салу туралы қаулы берілгеніне қарамастан, мейрамхана жұмысын жалғастырды. Соның салдарынан тамақтан улану фактілері қайта тіркелді. Тек 9 маусым күні БКИ диагнозымен 18 шұғыл хабарлама тіркелді,-делінген айыптау дерегінде.

Сот отырысында жеке кәсіпкер өз кінәсін толық мойындап, құқықбұзушылықтың алғаш рет және абайсыздықтан жасалғанын түсіндіріп, соттан жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде ескеруді сұрады.

Сот ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігін басшылыққа алып, жеке кәсіпкер Ж.-ны кінәлі деп таныды. Оған әкімшілік жаза ретінде 275 240 теңге айыппұл және «B» мейрамханасының қызметін бір ай мерзімге тоқтату жазасын тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Павлодарда қыз ұзату тойынан кейін 33 адам уланған.

Кейін жұрт жаппай уланған мейрамхана рұқсатсыз жұмыс істегені белгілі болды.

 

Соңғы жаңалықтар