Қонақтарды Елорда ажары қуантады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ХХІ ғасыр Қазақстанның «Алтын ғасыры» болады» деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы сөздері бүгінгі таңда ақиқатқа айналды.
None
None

Жаңа ғасыр белесінде биіктен көрінген Қазақстанда саясат олимпіндегі көшбасшы мемлекеттердің қатысуымен өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі оған айқын дәлел бола алады. Кеудесіне кең дүние сыйған ұлтымызды ұлы мұраттарға ұмтылдыратын бұл жаһандық жоба әрбір қазақстандықтың жандүниесінде рухани сілкініс тудырады. Дүние жүзін Ұлы Даланың өркениет көшіндегі тыныс-тіршілігімен таныстырады. Ауқымды шара сан ғасырлар бойы тарихи ұзақ жолдан өткен Қазақстанның жаңа дәуірде өркениет биігіне көтерілгенін көрсетеді.

Астана қаласы - Отанымыздың жүрегі, тәуелсізді­гіміздің тірегі, сан ғасырлар бойы аттың үстінде, түйенің қомында жүріп, көшпелі ғұмыр кешкен ата-баба­ларымыздың орындалған тәтті тілегі. Бүгінгі таңда егемен еліміздің өркениетті мемлекеттермен қатар дамуы, қалың елі қазағының сенімін арқалаған Елбасымыздың елеулі еңбегі. Тәуелсіз еліміздің төл тарихында Елбасы мен Елорда егіз ұғым болып мәңгі қала береді.

Көрмедегі керемет көріністер, Астана ажары, жарқын жүзді, кіршіксіз көңілді қала тұрғындары, павильон экспозициялары қонақтарға ұнағаны байқалады.  Мемлекетіміздегі мерейлі шара - ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалауға барғанда шаһар шырайына, арайлы Астана ажарына айрықша тамсанып қайттым. Күннен-күнге көркейіп келетін  ару Астанаға деген жүректегі сүйіспеншілік сезімім асқақтай түсті. Құлпырған қала көркі жүректі жылытады. Сәні мен салтанаты жарасқан ғажайып қала керемет көркімен бірден баурап алып, адамды өзіне мәңгілікке ғашық қылады. Болашаққа қанат қаққан жастар асқақ армандарын Астанамен байланыстырады. Қазақтың қасиетті қаласы жастарға бақытты болашаққа жол ашады. Сарыарқа төріндегі таңғажайып Астана - барша қазақстандықтар үшін күллі әлемдегі ең әсем қала. Асқақтай бер, ару Астана!

Бүгінгі таңда көпұлтты және көп­конфессиялы Қазақстанның айнасы болып табылатын Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалаған қазақстандықтардың қуанышында шек жоқ. Сарыарқа төрінде бой көтерген еліміздің бас қаласының бүгінгі таңғажайып бейнесі шетелдік туристерді тамсандыруда әрі таңқалдыруда. Шығыс дәстүрлері мен жетекші батыс сәулетшілерінің көр­кем ойлары үйлесім тапқан бүгінгі асқақтаған Аста­наның сәулеттік келбеті керемет. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен Кишё Курокава,  Норман Фостер тәрізді әлемнің әйгілі сәулетшілері салған Астана қаласы сұлулығы мен ғимараттарының биіктігі бойынша Токио, Нью-Йорк және Дубаймен таласқа түсе алатыны ақиқат.

ЭКСПО-2017 көрмесінің сәулеттік символына айналған «Нұр Әлем» павильонын көруге сұраныстың көптігін сфераның сыртындағы адамдардың ұзаққа созылған кезегінен анық байқауға болады. Көрме кешенінің орталық нысаны ішкі мазмұнымен, бірегей сәулетімен айналадағы адамдарды өзіне тартып тұрады. Ғимарат үстіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл ЭКСПО ауданына ашылатын әдемі көріністі тамашалауға болады. Диаметрі 80 метрді, биіктігі 100 метрді құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимаратта көрермендер Қазақстанның тарихы­мен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, көрікті жерлерімен, сонымен қатар, еліміздің жетістіктерімен жақын таныса алады. Ғимараттағы Болашақ мұражайында ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика тәрізді қуат көздерінің негізгі түрлері көрсетілген.

ЭКСПО-2017 көрмесін, жалпы мұндағы мәдени шараларды өз көзіңізбен көрсеңіз, сөзбен айтып жеткізе алмайтын өзгеше әсер алуға болады. Мысалы, Чехияның Ұлттық күні мерекесіне арналған мәдени бағдарламада Прага консерваториясынан келген акробаттар мен мың бұралған бишілер ЭКСПО қонақтарын өз өнерлерімен тамсандырды. Жалпы аумағы 292,5 шаршы метрді құрайтын Чехия павильонында жаңа технологиялар мен энергия көздерін дамыту саласындағы бірқатар жұмыстар көрсетілді.

Жаңартылатын энергия көзін пайдалану көрсеткіші 13 пайызды құрайтын Чехия мемлекетінің павильонында қалдықтарды өңдеуге арналған жаңа технология үлгісі таныстырылды. Сонымен қатар, көрермен қауым электровелосипед пен электроавтобусты қызыға тамашалады. Салауатты өмір салтын сүйетін жігерлі жастар электровелосипедке қатты қызығушылық танытты. Чехия Республикасының ғалымдары мен зерттеушілері экологияның неғұрлым таза болуына барлық жағдай жасап жатқаны көрермендерді қуантты. 

Соңғы жаңалықтар