11:37, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Конденсат» компаниялар тобы қайырымдылық мақсатына үш жылда 168,5 млн. теңге жұмсады
ОРАЛ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Конденсат» компаниялар тобы қайырымдылық және демеушілік мақсатқа соңғы үш жылда 168,5 млн. теңге жұмсады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі компаниядан түскен мәліметке сілтеме жасап.
«Конденсат» компаниялар тобының құрамына отандық он кәсіпорын кіреді, онда 1500-ден астам адам жұмыс жасайды. Компания (бас кәсіпорны ? «Конденсат» АҚ) өткен жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде 22 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті.
Компания соңғы бес жылда мүгедектер мен аз қамтылған азаматтарға 10,6 миллионнан астам теңгенің көмегін көрсетсе, 2005-2008 жылдар аралығында соғыс ардагерлеріне 5 миллионнан астам теңгенің жәрдемін берді. «Конденсат» соңғы он жылда білім беру саласына да үлесін қосып келеді. Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының үш үздік студентіне атаулы стипендия тағайындаса, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тағы үш шәкіртінің ақысын төлеп отыр.
Бұл үлгілі ұжым сонымен қатар Орал қаласы мен Бөрлі ауданында 13 мектепті қамқорлыққа алып, жыл сайын «Үздік мұғалім», «Үздік оқушы» сыйлықтарын береді. Мұндай істер денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында да жасалып жатыр. Айталық, сегіз жылдан бері «Конденсат» волейбол клубы ел біріншілігінде ұлттық лига командалары арасында сәтті өнер көрсетіп келеді. Мұнда жергілікті жасөспірімдерді волейболға баулуға да ерекше мән берілген.
Өткен жылы Теректі ауданы Рыбцех ауылында болған жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындар үшін Сарыөмірде төрт екіпәтерлік үй салынды. Бұған 34 миллионнан астам теңге жұмсалды.
Әлеуметтік салаға қамқорлық жауапкершілігін сезініп, белсенді қызмет жасағаны үшін «Конденсат» компаниялар тобы кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Валерий Жүнісов ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тағайындаған «Мәдениет және гуманитарлық саладағы қайырымдылық және демеушілік қызметі үшін» құрметті дипломын иеленді. Бұл сыйлықты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жыл қарсаңында отыз қазақстандыққа табыс етті.