Кондитерлік өнімдер сататын ірі компанияға қатысты тергеу жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті «КДВ Қазақстан» ЖШС-ге қатысты үстемдігін асыра пайдалану белгілері бойынша тергеуді бастады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

— Компания қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде мекеменің тауарларға әртүрлі баға қойғаны анықталды. Нақтырақ айтқанда, кондитерлік өнімдерді сату келісімшартына түрлі баға мен талап қолданған. Мұндай фактілер антимонополиялық заңнаманың бұзылуын көрсетуі мүмкін, — делінген хабарламада.
Бұған дейін монополияға қарсы орган «КДВ Қазақстан» ЖШС-не анықталған заң бұзу белгілерін ерікті түрде жою туралы хабарлама жолдады. Ол орындалмаған соң, тергеу ісі қозғалды.
Тергеу барысында компания әрекетіне құқықтық баға беріліп, жеткізу шарттарын дифференциалаудың объективті негізі болу-болмауы қаралады.
Айта кетелік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақтелеком» АҚ-ға қатысты тергеу бастаған еді.