Көне Бозоқ қалашығы орнында оқушыларға ашық сабақ өткізілді
Шара барысында белгілі тарихшылар мен археологтар жастарды VI-XV ғасырларға жататын Бозоқ қалашығының тарихымен таныстырды.
-«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана әкімдігі тарапынан көптеген іс-шаралар өткізілуде. Оның ішінде ең маңызды бағыттарының бірі «Туған жерді» жүзеге асыруға ерекше мән берілуде. Биыл 2 қыркүйекте барлық мектептерде туған өлкенің, жалпы ел тарихына арналған сабақтар өткізілді. Бұл жұмыстардың жалғасы ретінде бүгін Бозоқ қалашығы орнында оқушылар мен колледж, жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен ашық сабақ ұйымдастырылды. Өскелең ұрпақ өзінің туған жерінің тарихын тануға қызығушылық танытуда. Бүгінгі сапар барысында балалар уақыт байланысын сезініп, бұл тарихи орын туралы біліп, ерекше әсер алды деп ойлаймын, - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Оның сөзінше, елорда әкімдігі ерекше тарихи орындарды сақтау үшін кешенді шаралар әзірлеуде.
-Қазір біз «Киелі Астана» картасын дайындаудамыз. Оған 20-ға жуық тарихи, мәдени ескерткіштер енеді. Сондай-ақ біз ол ескерткіштерді консервациялау, қайта қалыпқа келтіру, музеефикациялаудан өткіземіз. Оның ішінде бұл карта аясында Бозықты да музеефикациялау мәселесі қаралу керек. Сонда бұл тарихи мекенге тек оқушылар ғана келмейді, қаланың қонақтары да ат басын бұратын болады, - дейді қала басшысының орынбасары.