Көне ескерткіштер - елдігіміздің тарихы - Т.Рысбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор

«Қазақтар және олардың алғашқы мемлекеті - Қазақ хандығын айтқанда, жазбаша деректермен қатар археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған материалдарға ерекше көңіл бөлу қажеттілігі туындайды. Өйткені көне ескерткіштер - біздің елдігіміздің тарихы һәм шежіресі.
Батыс Қазақстан облысының аумағы ерте ортағасыр уақытынан бері, яғни бірінші мыңжылдықтың орта кезінен бастап түркі тілдес халықтардың (аландар, оғыздар, қыпшақтар т.б.) мекені болды. Сондықтан да Орал өңірінің мәдени ескерткіштерін зерттеудің өзіндік тарихы мен ерекше хронологиясы бар. Оны мерзімі жағынан шартты түрде 5 кезеңге бөліп қарауға болады: бірінші кезең ХVІІІ ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың арасына дейінгі мерзімді қамтиды. Дәлірек айтсақ, Қазақстанды Ресей империясы өз құрамына қосып алуды бастауы мен оның аяқталу кезі. Бұл кезеңнің ерекшелігі - алғашқы түсінік жазбаларын қалдырған патша шенеуніктерінің алғашқы экспедицияларының жазбалары мен жабдықтарының жинақ материалдарынан тұрады. Екінші кезең ХІХ ғасырдың ортасы мен 1917 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аралықта мәдени ескерткіштер жөніндегі жазбаларды жинақтау жалғасырылды және олар тіркелді, сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстары негізінде зерттеу басталды. Үшінші кезең 1917 жыл мен 1960 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде Саратов мемлекеттік университеті мен КСРО Ғылым академиясы мәдени ескерткіштер мен археологиялық қазба материалдарын мақсатты түрде тіркеу жұмыстарын жүргізіп, экспедиция жұмыстарының нәтижелерін жүйеге келтірді. Төртінші кезең 1960 жылдардан ХХІ ғасырдың басына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аралықта облыс көлемінде Орал педагогикалық институтының ғалым-ұстаздары Г.Багриков, Ғ.Қошаев, Б.Железчиков, А.Коваленко, И.Кригер және М.Машкова басқарған Одақтық ҒА археология институтының бір топ қызметкері қатысқан археологиялық экспедициялардың қазба жұмыстары жүргізілді. 2002 жылдан бүгінге дейінгі мерзімді бесінші кезең қамтиды. Негізгі археологиялық зерттеу жұмыстарын профессор М.Сыдықов басқарған Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығы қызметкерлері жүргізуде. Әрине, әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі мен ашқан мәдени және археологиялық ерекшеліктері бар. Сондықтан әр кезеңге қысқаша тоқталып кеткен жөн.
Бірінші кезеңде Батыс Қазақстан өлкесін зерттеуде әкелі-балалы Рычковтардың есімін ілтипатпен айтуға болады. П.Рычков (1712-1777 жж) жағрафия, экономика және тарихты жете білетін көрнекті орыс ғалымы. 1734-1737 жылдары Петербор ҒА тапсырысымен Орынбор экспедициясына қатысып, ауыл шаруашылығы, экономика, жағрафия және тарих мәселелеріне ерекше көңіл бөле отырып, «Орынбор тарихы» (1759), «Орынбор топографиясы» еңбектерін жазды.
Петербор ҒА 1768-1774 жылдар аралығындағы экспедициясына П.Рычковпен бірге оның баласы және П.Паллас та қатысты. Бұл экспедиция Орал, Гурьев (Атырау) және Троицк қалаларының төңірегінде жұмыс жасап, өлке тарихын, қазақтардың салт-дәстүрін зерттеп, қорғандар мен қабірлерге қызығушылық туғызды.
ХІХ ғ. ортасында Ш.Уәлихановтың замандасы, Батыс Қазақстаннан шыққан алғашқы өлкетанушы, этнограф, ғалым М.С.Бабажанұлының Бөкей ордасы, Еділ мен Жайық арасында табылған ескерткіштер жөніндегі мақалалары жарыққа шыға бастады. Оның жылқыларды бағу және баптау, қымыздың емдік шипасы, мақал-мәтелдер жөніндегі еңбектерімен қатар, «Қырғыз даласында табылған ескерткіштер жөніндегі» еңбегін айрықша атауға болады. Бұл мақаласында Салық археология мен этнография мәселесін де жетік білетінін танытты. 1862 жылы Мұхамед-Салық этнография саласына қосқан үлесі үшін Орыс жағрафиялық қоғамының күміс медалімен марапатталған болатын.
БҚО аумағындағы археологиялық зерттеудің екінші кезеңіндегі жұмыстарды ұйымдастырушылардың бірі - белгілі журналист, жазушы, этнограф, антрополог И.Нефедов болды. Ол 1887-88 жылдар аралығында Орынбор мен Батыс Қазақстан облыстары аумағының шекарасындағы Тербұтан, Қарабұтан, Тамырөткел төбелеріндегі қорғандарды қазды.
1889 жылы орыс этнографы, әрі археологы А.Харузин Бөкей ордасында 22 қорғанды қазды. Қазба жұмыстары бұл қорғандардың кейінгі көшпенділерге тиесілі екендігін қорытындылады. Бұл кезеңде 1910 жылы Батыс Қазақстан ескерткіштері жөнінде алғашқы жүйеленген жинақ шығарған ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік И.Кастаньянның есімін атамауға болмайды. Әрине, бұл екі кезеңдегі қазба жұмыстарының көп жағдайда қарапайым түрде жүргізілгенін айтпай кету мүмкін емес.
Үшінші кезең Саратов университетінің профессоры П.Рыковтың есімімен тығыз байланысты. Ол Батыс және Орталық Қазақстанда, төменгі Еділ бойында қазба жұмыстарын жүргізе отырып далалық ескерткіштердің есебін жөнге келтірді, құжаттық материалдарға сүйене отырып қорғандарды қазуды жоспарлы түрде жүргізді, табылған заттардың салыстырмалы типологиясын жасады. Ол І және ІІ Шежін, Зеленов (Тасқала ауданы), Приурал, Теректі аудандарында, Шаған, Деркөл өзендерінің бойында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, табылған материалдар скиф-сармат дәуірінің қола ғасырына жататындығын тұжырымдады. Бұл кезеңде Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысының шекарасында М.Грязнов және М.Комарова (1926), Б.Граков (1930), Жаңақала ауданында И.Синицина (1948-1951), Қазақстан ҒА археология, тарих және этнография институтынан Т.Сенигова (1953) экспедициялары жұмыс жасады.
Төртінші кезеңде археологиялық қазба жұмыстары Жайықтың «Бұхар жағында» (сол жаға) 1966 жылдан басталды. Орал пединститутынан тарих факультетінің студенттері оқытушы Г.Багриковтың басшылығымен Шыңғырлау ауданының Есенсай тауында Лебедевка төбесінде 4 қорғанды қазып, сармат мәдениетінің заттарын тапты. 1968 жылдан бастап пединституттың археологиялық экспедициясы білікті маман, профессор Ғ.Қошаевтың басшылығымен жұмыс жасады. Шалқар өзенінің шығыс жағалауында Бочаревск құмдарында және Дарьянның төңірегінде біршама материал жинақталды. Өзінің түрлік белгісі жағынан табылған ескерткіштер сармат және Алтын Орда дәуіріне жатқызылды. Табылған заттар қатарында қару үлгілері, ыдыс-аяқ, күнделікті тұрмыстық заттар, әшекей бұйымдар болатын. Айта кететін жағдай, бұл кезеңдегі облыс ескерткіштерін зерттеу мазмұнды әрі ғылыми негізделген сипатта еді. 1969 жылы Одақ ҒА археология институтының жетекшісі М.Машкова мен Орал пединститутының Ғ.Ә.Қошаев бастаған бірлескен археологиялық экспедиция жұмыс жасады. Іздеу жұмыстары Шалқар-3, Сантас төбелерінде, Есенаман тауында, Лебедевка І, ІІ төбелерінде жүргізілді. 68 ескерткіш табылды. 1970-1971 жылдары Орал пединституты мен облыстық өлкетану мұражайының бірлескен экспедициялары жұмыс жасай бастады. Осы кезден бастап облыстың сегіз ауданында ескерткіштерді тіркеу және оларды зерттеу басталды. 1972 жылдан бастап археологиялық қазба жұмыстары өндіріс орындарымен жасалған шаруашылық шарт негізінде жүргізіле бастады. Жалпы, 1968-1975 жылдар аралығында болашақ ұстаздар 170 қорғанды зерттеді, бұл осыдан бұрынғы 50 жыл ішіндегіден екі есе көп еді. 508 жаңа ескерткіш ұмыт қалу жағдайынан арылды. 1976 жылы Орал облыстық өлкетану мұражайы археологиялық қазба негізінде табылған 4000 экспонатпен толықтырылды. 1978-1980 жылдары жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде Полтавка мәдениетінің ескерткіштеріне жататын ең көне қабірлер табылды. 1981-1985 жылдар аралығында Ғ.Қошаев басқарған отрядтар Володар ауылының қасында 3 қорғанды, Солянка өзені бойында 18 қорғанды қазды және Новопавлов-Алебастров-Ақтау (Белая гора) бағытында жұмыстар жүргізді. Жалпы, 1968-1985 жылдар аралығында облыс көлемінде 460 қорғанның материалы зерттелді.
Батыс Қазақстан облысындағы мәдени мұраны зерттеу және қорғау мәселесінің жаңа кезеңі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың кезінде облыстық тарих және археологиялық орталығының құрылуымен байланысты (директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов). Бұл шешім 2002 жылы 20 ақпанда қабылданды. Осы кезеңге дейінгі аралықта орталықтың қызметкерлері 50-ден астам сармат қорғанын қазып, зерттеу жұмысын жүргізді. Соның ішінде, Сегізсай, Қырықоба, Бұлдырты. Орталықтың ірі қазба жұмыстары мен археологиялық жаңалықтарына «Жайық», «Өзен» қалашықтары мен «Тақсай» кешеніндегі «Алтын ханшайым» (2012 ж) зерттеулерін жатқызуға болады. Облыс аумағы түгелге жуық зерттелді, 1600-ден астам жаңа археологиялық ескерткіш, соның ішінде 6000-нан астам қорған бар. Орал археологтарының мектебі қайта қалпына келтіріліп, өз ісін жалғастыруда.
Облыста археологиялық қазба жұмыстарымен қатар кесенелер мен құлпытастарды зерттеу мәселесі де қолға алынып отыр. Бұл бағытта республика көлемінде жүргізілген жұмыстардан Ә.Марғұлан мен С.Әжіғали есімдерін, ал облыс көлемінде Қ.Құттымұратұлы есімін атауға болады. Облыс көлемінде жүргізілген экспедициялар осы ескерткіштерді есепке алып, суретке түсіріп, өлшем бірліктерін алып, ондағы салынған ру таңбаларының суретін салып алу және қашап араб графикасымен жақсы жазылған құлпытастардың нақты суретін түсіріп алу жолымен іске асыруда. Бұл бағыттағы облыстағы ең алғашқы кешенді этнографиялық экспедиция 1998 жылдың тамыз-қыркүйек айларының басында жүргізілді. Экспедицияны тарих ғылымдарының докторы С.Әжіғали басқарды. Экспедиция құрамында БҚО-дан С.Сағынаева, Ж.Ерназаров, Е.Дәулетов сияқты этнограф-ғалымдар қатысты (Бұған дейін 1980 жылы өткізілген экспедицияның материалдары жарияланбаған болатын). Экспедиция мүшелері өңірдің 6 ауданының (Ақжайық, Қазталов, Орда, Жаңақала, Сырым, Қаратөбе) аумағын зерттеді. Зерттеу жұмысы екі кезеңнен тұрды: ұзақ және тиянақты мерзімде оң жағалық Бөкей жағын, сондай-ақ сол жағалық «кіші жүздік» бөлікті барлау (рекогносцировка). Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде дәстүрлі ескерткіштердің ірі тобы Жалпақтал, Қазталов ауылдарының төңірегінде табылды. Араб жазуымен бедерленген құлпытастар Орда төңірегіндегі Хан зиратында, Қазталов маңындағы орталық бейітте, Көктерек ауылының қасындағы бейітте, Әжібай, Беспішен, Қараоба ауылының қасында кездесті. Хан зиратында жер бетінде 450-ден астам құлпытас кездесті. Экспедиция мүшелері 150-дей бейітті зерттеді. Орданың солтүстігіндегі Сүлеймен хазірет және Сағи хазірет бейіттері зерттелді.
Сондай-ақ Орда жерінде Бибол мен Әзі-әулие, Шоңайдың оңтүстігінде Шақай (Балқожа баласы), Төменгі Басқұншақтың солтүстік-батысында Мұхамед-Салық Бабажановтың зираттарындағы құлпытастар зерттелді.
Дәстүрлі қазақ архитектурасының ескерткіштерінің үлкен топтары Жаңақазан, Ескіқала, Мәштексай, Жаңақала төңірегінде орналасқан. Бұл төңіректегі ірі зираттардан Райым (ерте кезде осы аттас көлде Райым қыз суға кеткен дейді, зират 1870 жылдан бар), сондай-ақ Жаңақазан елді мекенінің негізін салушы Шәмші-қажы Утяковтың бейіттерін, Мәштексайдан 23 км шығысқа қарай орналасқан Төребай кесенесінің қалдықтарын атауға болады. Батыс Қазақстан облысының оң жағалық бөлігінің сол жағалық бөліктерінде орналасқан дәстүрлі қазақ архитектуралық ескерткіштерінің ерекшеліктері (Солтүстік Каспий аймағына тән) зират басындағы сәулетшілік құрылыстардың басым көпшілігі ағаштан, сондай-ақ Бөкей жағындағы зираттарда Волга бойы татарларының стиліндегі жалпақ, этнографиялық құлпытастар (көне жазулар бар) орнатылған. Ал сол жағалық бөлікте көп қабатты, тастан ойылған көлемді құлпытастар кездеседі.
Дәйекті жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда құлпытастарды зерттеу барысында көптеген әулиелі орындар ашылды. 2013 жылы облыстың шығыс, оңтүстік-батыс, батыс аудандарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының (Ғ.Бексеитов, Ғ.Исқақов, Е.Оспанов) зерттеу жұмысы нәтижесінде 47 нысанда зерттеу жүргізіліп, жаңадан тарихи-мәдени ескерткіш орындары ашылды. Олардың қатарына Қаратөбе ауданының Аққозы ауылдық округіндегі Қоржын ауылынан батысқа қарай орналасқан Досхан ата кесенесін, осы ауылдың солтүстігіне қарай орналасқан Бораш ата кесенесін, осы төңіректегі Өте ата кесенесін, Жәнібек ауданы Өнеге ауылының қасындағы Әулие Мұстағали ата бейітін, Орда ауданы қазіргі Жиекқұм ауылының оңтүстігіндегі Қажығали әулие бейітін, Үлкен хазірет Ұлы Сағи зиратын, Кіші хазірет Сүлеймен әулие зиратын, Көктерек ауылының (Ордада) қасындағы Малтақан би кесенесін, Теректі ауданы Шалқар көлі маңындағы Тәржіман (Таржеке) хазірет бейітін, Орал-Ақтобе күрежолы бойындағы Дәдем ата (Жұмағазы хазірет) кесенесін, Қазталов ауданы Кошанкөл ауылынан батысқа орналасқан Оспан ата әулие кесенесін, Егіндікөл ауылдық округіндегі Жігерлен ауылының күнбатысындағы Дәуқара батыр зиратын, Хан Ордасы ауылындағы құлпытастарды, Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округіндегі Мәңкібай атты көне қоныс маңында Сатай батыр Кенжеқараұлының құлпытасы, Қаратөбе ауданы Саралжын ауыл округіндегі Шүрек қауымындағы, Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округінің Қосарал жерінде Шошақ моласындағы, Ақжайық ауданының Құрайлысай округіне қарасты Сайқұдық ауылының төңірегіндегі, осы округтің Әтібек елді мекенінің маңындағы, Өлеңтідегі, Жәнібек ауданы Тау ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы т.б. құлпытастарды атауға болады. Аталған тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтауда журналист Қазбек Құттымұратұлының еңбегі мол. Биыл оның қаламынан «Құлпытас сырын ашайық» атты ғылыми еңбек жарық көрді. Автор еңбегінде Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарының аумағында орналасқан 50 құлпытасты зерттеп, ондағы жазу мәтіндері оқылып, қазақ тіліндегі мағынасы, сондай-ақ тұлғалық деңгейге көтерілген құлпытас иелерінің тарихына қысқаша анықтама берілген.
Әрине, құлпытастарды оқу мен оны зерттеуде қиындық туғызатын жағдайлар: біріншіден, олар араб тілінде жазылған. Сондықтан оны оқу әркімнің қолынан келмейді; екіншіден, құлпытастардың кейбіреуіндегі жазулар әртүрлі (объективті-субъективті) себептермен оқуға қиындық туғызады. Дегенмен де зираттардағы және бейіттер жанындағы орналасқан құлпытастар, кесенелер ежелгі тарихымызды қосымша деректермен толықтыруға едәуір үлес қосады. Оған қоса бұл нысандардың көпшілігі бұзылу қаупінің алдында тұр. Сондықтан да қазіргі таңда бұл ескерткіштерді жұмыла зерттеу міндеті тұр.
Қорыта келе айтқанда, тарихты қалай жазу туралы мәселе әлі шешілмеген және біздің пікірімізше, ешқашанда шешілмейді. Шешілсе, тарих ғылымының өркендеуі тоқтайды. Ол ол ма, оны шешудің де қажеті жоқ. Өйткені бұрын жазылған тарихты «қатып қалған», оны енді «өзгертуге» болмайды десек, ол «тарих» аптекалық рецепт мәнін алады. Белгілі шығыстанушы ғалым Л.Гумилев «Тарихтың белгілі бір кезеңімен айналысатын екі замандас зерттеушінің оқиғаларды сипаттауы мен өмір құбылыстарын бағалау жөнінде өзара толық келіскенімен, сол пәнді бірдей етіп баяндап шығу мүлде мүмкін емес. Өйткені олардың әрқайсысы өздерінің мақсат-мүддесіне сәйкес сюжеттерге көңіл бөледі» деген екен. Өте орынды айтылған пікір. Қоғамдағы адамдардың жалпы бағыты бір болғанымен, әркімнің ішкі тіндері әр бөлек, әркімнің өз көзқарасы бар. Дәл осы тұрғыдан, тарихи кезеңдегі тарихи құбылыстарды талдағанда да, ондағы тарихи тұлғалардың қызметін бағалағанда да, барлық зерттеуші авторлардың пайымдары бірдей болуы керек десек, әбестік болар еді.
«Тағы бір ерекше назар аударатын жағдай - Батыс Қазақстан даласын ғасырлар бойы мекен еткен тайпалар мен халықтардың дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуына осы аймақтың табиғи-жағрафиялық жағдайы мен мәдени генетикалық процестерінің өзіндік ерекшеліктері әсерін тигізді. Мұның өзі көшпенділердің, оның ішінде Кіші жүз қазақтарының материалдық және рухани өмірінен анық көрінеді. Кесене, құлпытас, бейіттер мен мазарлар көне ескерткіштер қатарына жатады. Олардан қазақ даласындағы көшпенділердің сәулет және құрылыс өнерінің дамуы, соны салуға қатысқан құрылысшылардың есімдерін, жерленген адамның кім екенін, өмір сүрген кезеңінде қоғамда қандай орын алғаны жөніндегі, рулар мен тайпалар т.б. мәліметтерді алуымызға болады. Өкінішке орай, мұндай көне ескерткіштер ғылыми және мәдени жағынан маңызы зор бола тұра әлі күнге жөнді зерттелмей келеді. Сондықтан да оны түбегейлі түрде қолға алып, зерттеулерді жалғастырудың бүгінгі күн үшін де, болашақ ұрпақ үшін де мәні үлкен», деп түйіндеді ойын тарихшы-ғалым.