Көне ғұрып пен тыйымдардың мәні: қазақ шашты неге қасиетті санаған
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ халқы сәбидің алғашқы шашын алудан бастап, қыз баланың бұрымын күтіп-баптауға дейін шашқа қатысты әр дәстүрге ерекше мән берген. Оның әрқайсысының астарында өзіндік наным-сенім мен тәрбиелік түсінік жатыр. Kazinform тілшісі осы ғұрыптардың мәнін зерделеді.
Қарын шашты неге аяқасты етуге болмайды?
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, ғалым-тарихшы, этнолог Гүлбану Ішқалованың айтуынша, қазақтың дәстүрлі мәдениетінде сәбидің алғашқы шашы – «қарын шашын» алуға ерекше мән берілген.
– Баланы қырқынан шығарғанда қарын шашын түгел алған. Бұл «қарын шашы алынбаған баланың назасы қатты болады» деген сеніммен байланысты. Алынған шашты аяқасты етпей, шүберекке немесе баланың киіміне түйіп сақтаған, – деді ғалым.
Қарын шашты сақтаудың да өзіндік мәні болған. Оның астарында шаш пен тырнақ адам денесінен бөлінгеннен кейін де иесімен байланысын жоғалтпайды деген көне түсінік жатыр. Этнологияда бұл наным парциалдық магия ұғымымен түсіндіріледі.
– Қазақ халқының отбасылық ғұрыптарындағы исламға дейінгі наным-сенімдерді зерттеген этнограф Ә. Төлеубаев сәбидің алғашқы шашы мен тырнағына ерекше мән берілгенін атап өткен. Зерттеуші қырқынан шығару кезінде алынған қарын шашты сақтап, киімге тігу және алғашқы тырнақты таза жерге көму тәжірибелерін парциалдық магиямен байланыстырады, – деді Гүлбану Ішқалова.
Осы нанымдарға байланысты алынған шашты аяқасты етуге немесе далаға тастауға тыйым салынған. Жаман ниетті адам оны қолға түсіріп, дуалау арқылы иесіне зиян келтіруі мүмкін деп сенген. Сондай-ақ құстар шашты ұясына алып кетсе, адамның басы ауырады деген түсінік болған. Сондықтан шашты арнайы сақтаған, таза жерге көмген немесе кейбір өңірлерде өртеген.
Ал бұл ғұрыптардың нақты қай кезеңде қалыптасқаны туралы біржақты тұжырым жасауға ғылыми дерек жеткіліксіз.
– Қарын шашты қырқудың нақты қай кезеңде қалыптасқанын анықтайтын жеткілікті дерек жоқ. Сондықтан белгілі бір дәуірден бастау алады деп кесіп айту ғылыми тұрғыдан дұрыс емес, – деді спикер.
Айдар, тұлым, кекіл: шаш қою дәстүрінде қандай сыр бар?
Ғалымның айтуынша, қазақ дәстүрінде баланың шаш үлгісі оның жынысына, жасына және отбасындағы орнына қарай ерекшеленген. Айдар, тұлым, желке шаш пен кекілдің әрқайсысының өзіндік мәні болған.
Мәселен, айдар – баланың басындағы шаш орайына қалдырылатын шоқ шаш. Ол айбар мен ерекше мәртебенің белгісі саналған. Сондықтан хандар мен бай-манаптар жақсы көретін ұлдарына, көптен күткен перзенттеріне немесе отбасындағы жалғыз ұлға айдар қойған. Баланы тіл-көзден сақтау ниетімен оған маржан-моншақ қосып өрген. Айдарды жеті немесе он үш жасқа дейін алмаған.
Тұлым негізінен қыз баланың екі шекесіне қойылған. Оны көбіне сәби бір жасқа толғанда қалдырып, қыздың сұлу да сымбатты болып өсуін тілеген. Сондай-ақ көптен күткен перзентті тіл-көзден сақтау үшін де тұлым қойған. Кейбір дәстүрлерде тұлымды он екі жаста алып, алғашқы мүшеліне орай мал сойып, үлкендердің батасын алған.
– Айдар мен тұлымнан күштеп айыру жай ғана шаш қию емес, адамның мәртебесін төмендету, қорлау ретінде қабылданған. Мұны батырлар жырындағы «Тұлымдысын тұл қылды, айдарлысын құл қылды» деген тіркес аңғартады, – деді Гүлбану Ішқалова.
Бұдан бөлек, ұл балаларға желке шаш та қалдырған. Ол бастың төбесіне емес, желке тұсына өсірілген бір шоқ шаш болған. Кейбір өңірлерде оны да баланы тіл-көзден сақтау мақсатында қойған.
Ал кекіл бастың төбесі мен маңдайдың жоғарғы бөлігіне қалдырылған. Халықтық наным бойынша, ол баланың жанын қорғап-сақтаушы қызметін атқарған. Кекіл көбіне ұл балаларға, кейде қыздарға да қойылған.
Қазақ әйелдері шашын неге кешке тарамаған?
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының лаборанты Әнел Ахметқанның айтуынша, «Шаш кескен – бас кескен» деген мақал әйелдің шашына қатысты ерекше мәнді аңғартады.
–Бұрындары әйелдің бұрымын кесу дене жарақатымен теңестіріліп, ол үшін құн, яғни ақшалай өтемақы төлеу міндеттелген. Ал ауыр күнә жасаған әйелді бұрымын кесу арқылы жазалаған. Бұл өліммен тең қатал жаза саналған. Ауылдық жерлерде қыздардың өрім шашын кесуге тыйым салу 1970 жылдарға дейін сақталды. Дәстүрлі түсінік бойынша, қыздың шашы кеудесін жауып тұратындай ұзын болуы тиіс деп есептелген, – деді маман.
Шаш үлгісі әйелдің отбасылық мәртебесін де білдірген. Мәселен, тұрмысқа шықпаған қыздар мен тұрмыс құрған әйелдердің бұрым өру дәстүрі әртүрлі болған.
– ХХ ғасырдың басында тұрмысқа шықпаған қыздар бір бұрым өрсе, кейін кеңестік кезеңде екі бұрым тағу кең тарады. Ал бұрын екі бұрым тек тұрмысқа шыққан әйелдерге тән болған. Бұл дәстүрдің уақыт өте өзгергенін, бірақ негізгі мәнін сақтағанын көрсетеді, – деді Әнел Ахметқан.
Қыздардың шашын бірнеше жіңішке өрімге бөліп, ұштарын біріктірген. Бұрымды күміс әшекейлермен, моншақтармен және сәндік бұйымдармен безендірген.
Бұрымның әсемдігімен қатар, оны күту тәртібіне де мән берілген. Маманның айтуынша, қазақтар шашты көбіне таңертең тараған, ал кешкі уақытта тарауға тыйым салған. Тарақтан түскен шашты кез келген жерге тастамаған.
Шашмай, қара сабын, шашқап: қазақ әйелдері шашын қалай күткен?
Олар табиғи құралдарды кеңінен пайдаланған. Шашты сүйектен, мүйізден немесе ағаштан жасалған арнайы тарақпен тараған. Дәстүрлі түсінік бойынша, шашты толық күту үшін әрбір талды кемінде жүз рет тарау қажет болған.
Шашты нығайтып, қоректендіру үшін айран, қымыз және басқа табиғи өнімдер қолданылған. Соның бірі – сары май мен жұмыртқаның ағын араластыру арқылы дайындалатын шашмай. Оны шаштың құрғауын болдырмау және күтім жасау үшін пайдаланған.
Қазіргі сусабынның орнына өсімдік күлінен жасалған қара сабын қолданылған. Оны дайындау үшін алабұта, қаңбақ, жусан, сексеуіл сияқты өсімдіктерді өртеп, күлін суға қайнатқан. Алынған сілтілі ерітіндіні сүзіп, жануар майымен араластырып, сабын жасаған. Кейде құрамына қой немесе түйе жүнін де қосқан.
Шаш күтімімен қатар, оны сыртқы әсерден қорғауға да көңіл бөлген. Әсіресе жол жүргенде әйелдер бұрымын шаң мен желден сақтау үшін тығыз матадан тігілген шашқап киген. Оны көбіне барқыт пен шұғадан тігіп, қызыл, қара немесе қою көк түстермен безендірген. Ал шаш өру қазақ мәдениетінде ерекше шеберлікті қажет ететін өнер саналған.
–Қазақ мәдениетінде қос өрім – екі тығыз, біркелкі өрілген бұрым кең таралған. Өру шеберлері түрлі әдістерді қолданып, оған символикалық мағына жүктеген. Мысалы, түзу әрі ұқыпты өрілген бұрым қыздың тәрбиелілігі мен тектілігін білдірсе, шашқа тағылған өрме мен моншақ оның әлеуметтік мәртебесін аңғартқан. Бұрым тек сұлулықтың белгісі емес, халық сенімінде қорғаушы тұмар ретінде де қабылданған. Әсіресе қос өрім қызды жамандықтан қорғайтын қос қалқан іспеттес саналған. Ал бұрымға тағылған күміс әшекейлер әйелдің жасы, мәртебесі мен ішкі әлемінен хабар берген, – деді Әнел Ахметқан.
Бұған дейін жасанды интеллектінің қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрінен қаншалықты хабардар екенін жазған едік.