Көне түркілер Наурызды «Жас күн» деп атаған - Қойшығара Салғараұлы, тарихшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің түкпір-түкпірінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі тойлана бастады. Қазақстан жұрты осы бір жыл басы саналатын ұлық мейрамды шат-шадыман мерекелеуде. Наурызға мемлекет тарапынан да үлкен көңіл бөлініп, Елбасының Жарлығымен аталған мереке кезінде республика халқы үш күн демалатын болды. Жаңаша тойлана бастаған мерекенің түп-төркініне үңіліп, оның терең тарихи мәнін түсіну бүгінгі ұрпақ үшін үлкен парыз. Осыған байланысты «ҚазАқпарат» тілшісі белгілі тарихшы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғараұлына хабарласып, мерекенің көне түріктер ұғымында алатын орны мен мәні туралы сұраған еді.
None
None

- Наурыз түркінің төл мерекесі. Алайда кейін осы Орта Азия өңіріне, Қазақстан жеріне парсылар үстемдік жасаған кезде ол Наурыз деген атқа ие болды. Наурыз түркінің сөзі емес, жаңа күн деген парсының сөзі. Нау деген жаңа, Руз күн дегенді білдіреді. Ал, бұл мерекені түркі бабаларымыз атам заманнан бері тойлаған. Қытай деректерінде бұндай фактілер бар. Түркілер бұл мейрамды «Жас күн» деп тойлаған.

Қазір Америкадағы үндістерді Алтайдан кеткені дәлелденді ғой. Сол үндістердің Кечиу, Сиу тайпалары әлі күнге дейін тойлайды. Бұл деректер де бар. Қалай дегенмен де Наурыз мерекесі Шығыс халықтарына тән, ортақ қуаныш. Бұл - қараңғы мен жарықтың, жамандық пен жақсылықтың теңесетін күні. Жас күн - соның жақсылығына бейімделетін, жарықтың үстемдік құратын кезі. Түркілерде бұл үлкен мереке болған. Бүгінгі тілмен айтқанда кәдімгі олимпиадалық жарыс деңгейіне жеткен. Осы күні бүкіл түркілер тау үңгірлеріне барып, құрбандық шалған. Жарыс ұйымдастырып, аттың жүйрігін, жігіттің балуаны мен мергенін бәсекеге түсірген. Бұның бәрін Көк Тәңірге, Жер анаға, ата-баба рухына арнаған.

Тағы бір ескеретін жайт, түркі қауымы бірдеңе тілесе көкке қол жайып Көктен сұраған. Тәңір көкте тұр деп түсінген. Сол күні тауға келіп, шыңдардың басында Тәңір отырады деп ойлаған. Сондықтан да шыңды тақ, құдайдың тағы деп атаған. Кейбір халықтардың тілінде синоним есебінде қазір тақ сөзі тау болып кетті. Бізде Аспантау, Хан Тәңірі деген таулардың аты да осындай ұғымдармен байланысып жатса керек.

Бұл күні ескінің бәрі қалу керек болған. Түркі халқының үш рет төс соғыстыратыны ескіні ұмыту, жаңа күнге көз салуды білдіреді. Өйткені осы күні дүние жаңарады. Соған қарай адам да жаңару керек. Осы күні табиғаттағы ең кішкене жәндіктерге дейін, шөптің бойына да қан жүгіріп, тіршілікке талпынады. Жас күн біздің атамзаманнан келе жатқан мерекеміз. Ал оның қай кезден бері келе жатқанын нақты білмеймін. Ал, түркілер ертеден келе жатқан халық. Қазір мен мифологиямен айналысып жатырмын. Осы бойынша алдағы күндері мынадай концепцияға келетініме сенімім кәміл: адамзат баласының өркениет ошағына бірінші от тұтатқан басқа емес -Түркілер.

Соңғы жаңалықтар