Конфедерация кубогы: Бокстан жартылай финалдың ең әсерлі жекпе-жегі

Қазақстандық бокс федерациясынан мәлім еткендей, құрамында Ілияс Сүлейменов, Дархан Жұмсақбаев пен Қанағат Маралов бар елордалық команда алғашқы бес жекпе-жекті өз пайдаларына шешкен. Одан әрі Алматы облысының спортшылары белсенділік таныта бастаған. Дегенмен, астаналықтар мықты екендіктерін дәлелдеп, 7:3 есебімен жеңіске жетті.
Жартылай финалға шыққан екінші жұп - Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының боксшылары. Маңғыстау облысы рингке Азамат Исақұлов, Берік Әбдрахманов, Әділбек Ниязымбетов сынды мықты спортшыларын жіберген. Оңтүстік Қазақстанның былғары қолғап шеберлері де тәжірибелі, олар Ержан Жомарт, Қайрат Ералиев және Зәкір Сафиуллин. Жекпе-жектер 6:4 есебімен маңғыстаулықтардың пайдасына аяқталды.
Жартылай финалда Берік Әбдрахманов пен Зәкір Сафиуллиннің арасындағы жекпе-жек ең есте қаларлық болды. Жеңіске 3:0 есебімен Берік жетті.
4 желтоқсан күні Б.Шолақ атындағы спорт сарайында ақтық ойындар өтіп, бокстан 2016 жылғы ең үздік команда аталатын болады.
Еске салайық, бүгін аталмыш спорт кешенінде спорттық жекпе-жек және күш қолданатын спорт түрлері конфедерациясы кубогының жартылай финалына іріктеу ойындары басталды.