Конференция лигасы: «Ақтөбе» жарыстың үшінші сатысына жолдама алды

Ақтөбелік клуб ойын басынан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Нәтижесінде ойынның 32-минутында ақтөбелік клубтан Максим Самородов есеп ашқан еді.
Екінші кезеңде грузиялық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алдымен Георгий Арабидзе 58-минутта гол соқса, одан кейін 66-минутта Ираклий Бугридзе өз клубын алға шығарды.
Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Ақтөбе» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түскен еді.
Енді «Ақтөбе» жарыстың үшінші сатысында 10 және 17 тамыз күндері ЦСКА София (Болгария) және «Сепси» (Румыния) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Екі команда арасындағы бүгінгі кездесуде румыниялық клуб 1:0 есебімен алда тұр. Алғашқы ойында «Сепси» 2:0 есебімен басым түскен болатын.
Айта кетсек, бұдан бұрын Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында қостанайлық «Тобыл» Швейцарияның «Базель» клубын (3:1 1:2) қапы қалдырды.
Енді елорда уақытымен 00.50-де шымкенттік «Ордабасы» Польшада жергілікті «Легиямен» шеберлік байқасады.