Конференция лигасы: «Ордабасы» жарысты аяқтады
АСТАНА. ҚазАқпарат – футболдан UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында Шымкенттің «Ордабасы» клубы Польшаның «Легия» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойын басынан командалар бірден шабуылға көшті. Тізгінді польшалық футболшылар өз қолына алуға тырысты.
Ойынның 18-минутында «Легия» футболшысы Павел Вшолек қазақстандық команда қорғанысындағы өрескел қателікті пайдаланып, «Ордабасы» қақпашысымен бетпе-бет шықты. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеген ол қақпаны дәл көздеді.
Ал 42-минутта польшалық командадан Юрий Рибейро басымдықты арттырды.
Оған 57-минутта шымкенттік клубтан Всеволод Садовский бір голмен жауап қайырса, 71-минутта Томаш Пекхарт «Легияны» жеңіске жақындатты. Бұдан кейін «Ордабасы» ойыншысы Сергей Малый гол соққанмен, бұл есепті теңестіруге жеткіліксіз болды.
Осылайша шымкенттік команда қарсыласынан 2:3 жеңіліп қалды.
Айта кетсек, екі команда арасындағы алғашқы кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.
Екі ойынның қорытындысымен «Легия» жарыстың үшінші сатысына шықты.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Тобыл» таңғажайып көрсеткішпен Швейцарияның «Базелін» орта жолда (3:1, 1:2) қалдырып, Конференция лигасының үшінші сатысына шықты.
Сондай-ақ «Ақтөбе» Конференция лигасының үшінші сатысына жолдама алды.
Енді жарыстың үшінші сатысында 10 және 17 тамыз күндері «Тобыл» Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити», «Ақтөбе» Румынияның «Сепси» крмандаларымен шеберлік байқасады.