Конференция лигасы: «Тобыл» жарыс жолын аяқтады

Қостанайлық клуб Чехияның «Виктория Пльзень» ұжымымен қарымта ойын өткізді. Бірінші ойында олар аталған қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.
Сондықтан бүгінгі ойын барысында қостанайлық футболшылар алғашқы минуттан гол соғатын мүмкіндік іздейтіні анық еді. Дегенмен оған чехиялық клуб мүмкіндік берген жоқ. Ойын басынан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Қостанайлық ұжым негізінен қарымта шабуылдарға иек артты.
Ойынның 32-минутында «Виктория Пльзень» сапынан Томаш Хоры есеп ашса, 59-минутта Рафиу Дуросинми басымдықты арттырды.
Ал 93-минутта Ибраим Траоре чехиялық клубтың үшінші голының авторы атанды.
Осылайша, «Тобыл» қарсыласына 0:3 есебімен есе жіберді.
Айта кетсек, Конференция лигасының алғашқы үш іріктеу сатысында қостанайлық клуб Финляндияның «Хонка» (0:0, 2:1), Швейцарияның «Базель» (3:1, 1:2), Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» (2:1, 0:1) клубтарын қапы қалдырды.
Дәл қазір Конференция лигасы плей-офф сатысында қазақстандық «Астана» сырт алаңда Албанияның «Партизани» клубымен кездесіп жатыр.
Алғашқы ойында елордалық клуб қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірген еді.
Айта кетсек, қазақстандық «Ордабасы» және «Ақтөбе» Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында жарыс жолынан шығып қалды.
Еске салсақ, 31 тамызда футболдан UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің жеребесі тартылды.