Конференция лигасының топтық кезеңі: Астана командасының ойын кестесі белгіленді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық «Астана» командасының қатысуымен өтетін футболдан UEFA Конференция лигасы топтық кезеңінің ойын кестесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық команда С тобында сынға түседі. Қарсыластары - «Динамо Загреб» (Хорватия), «Виктория Пльзень» (Чехия), «Балкани» (Косово).
Қазақстандық клуб алғашқы ойынында, 21 қыркүйекте сырт алаңда «Динамо Загреб» командасымен кездессе, одан кейін 5 қазанда елордада «Виктория Пльзень» ұжымын қабылдайды.
Одан кейін 26 қазанда сырт алаңда және 9 қарашада өз алаңында Косовоның «Балкани» клубымен шеберлік байқасады.
Ал, 30 қарашада елордада «Динамо Загребпен» кездессе, 14 желтоқсанда сырт алаңда «Виктория Пльзень» командасымен ойнайды.
Айта кетсек, «Астана» еурокубок ойындарында алтыншы мәрте бақ сынап отыр. Олар 2015 жылы Чемпиондар лигасы, 2016, 2017, 2018, 2019 жылдарда Еуропа лигасы топтық сатысында бақ сынады.
Еске салсақ, Конференция лигасы топтық сатысында еліміздің атынан «Астана» клубы ойын көрсетеді. Олар плей-офф сатысында албаниялық «Партизани» клубын екі ойынның нәтижесінде 2:1 (1:0, 1:1) есебімен сүріндірді.
Сондай-ақ, биыл Конференция лигасында сынға түскен қазақстандық «Тобыл», «Ақтөбе» және «Ордабасы» турнирдің түрлі сатысында жарыс жолын аяқтады.