Конференция лигасы: «Ақтөбе» жарысты аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM - УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында «Ақтөбе» сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Сараево» командасымен кездесті.

трансляция
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Ақтөбеде өткен ойында «Сараево» соңғы минуттарда гол соғып, жеңіске жеткен еді. Сол себепті қарымта кездесуде қазақстандық клуб алдымен екі ойынның нәтижесі бойынша таразы басын теңестіру болатын. 

Кезздесу басталған сәттен босниялық футболшылар тізгінді қолға ұстауға тырысты. Қауіпті сәттер ұйымдастырды. Алайда діттеген мақсатына жете алмай жатты. Оған лайықты төтеп бере білген ақтөбелік футболшылар да өз мүмкіндігін пайдаланып жатты. Десе де соңғы сәтте олар мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. 

Ойынның 41-минутында «Ақтөбе» сапынан Амаду Думбуяның қарсыластар қақпасы маңында қорғаушылардан сытылып шығып, әріптесі Идрис Умаевқа әдемі пас шығарып берді. Бұл мүмкіндікті Идрис Умаев мүлт жіберген жоқ.

Екінші кезеңде «Сараево» сапынан Георгий Гулиашвили 57-минутта таразы басын теңестірсе, Әділхан Таңжарықов 75-минутта «Ақтөбені» алға шығарды. 

Осылайша негізгі кезеңде «Ақтөбе» 2:1 еесбімен жеңіске жетіп, қос ойынның нәтижесімен есеп теңесті.

Ойын қосымша кезеңге ұласты. Қосымша кезеңде ақтөбелік клубтан Жайро Жан 93-минутта гол соқса, «Сараево» сапынан Ренан 96-минутта мергендік танытты. 

Пенальтилер сериясында «Сараевоның» жолы болды. «Ақтөбе» Конференция лигасымен қош айтысты. 

Айта кетсек, бұдан бұрын Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде шымкенттік «Ордабасы» Молдованың «Петрокуб» клубына (0:0, 0:1) жол берді.

Ал қостанайлық «Тобыл» екі ойынның нәтижесімен Словакияның «Ружемберок» (1:0, 2:5) клубына есе жіберді.

Енді екі команда да Конференция лигасына қатысады. 

Ал елордалық «Астана» жарысты Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінен бастайды.