Конференция лигасы: «Астана» Алматыда «Челсиден» жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — УЕФА Конференция лигасы жалпы кезеңінің бесінші турында қазақстандық «Астана» Алматыда Англияның «Челси» командасын қабылдады. 

футбол астана-челси
Фото: Александр Павский/Kazinform

Англиялық клуб бұл ойынға негізінен жастар құрамын алып келді. Соған қарамастан лондондық футболшылар алғашқы минуттан елордалық команда қақпасы маңында жиі бой көрсетті.

футбол астана-челси
Фото: Александр Павский/Kazinform

Небәрі он тоғыз жастағы шабуылшы Марк Гиу қазақстандық команданың қорғаныс шебін біраз әуреге салды. Ойынның 14-минутында оң қанаттан елордалық футболшыларды алдап өтіп, Мұхаммеджан Сейсен қорғаған қақпадан саңылау тауып кетті.

футбол астана-челси
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Челси» командасы бұл голдан кейін де басылған жоқ. Шабуылды үдете түсті. Сондай сәттердің бірінде Марк Гиу 19-минутта тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті. 
Ал Ренату Вейга 40-минутта «Челсидің» басымдығын арттыра түссе, оған «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасов 45-минутта бір голмен жауап қайырды.

жанкүйер футбол
Фото: Александр Павский/Kazinform

Айта кетсек, «Астана» өз алаңында сербиялық «ТСЦ Бачка-Топола» (1:0) командасын жеңсе, португалиялық «Виториямен» (1:1) тең түсті. Сырт алаңда Уэльстің «Нью-Сейнтс» (0:2), кипрлік «Пафос» (0:1) клубтарына есе жіберді.

Қазірге дейін төрт турда «Астананың» еншісінде 4 ұпай бар. Турнир кестесінде 23-орында тұр.

Енді елордалық клуб 19 желтоқсанда сырт алаңда Кипрдің АПОЭЛ командасымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар