Конференция лигасында «Астана» хорватиялық «Динамо Загреб» командасынан жеңілді

Футболдан УЕФА Конференция лигасы бесінші турында елордалық «Астана» Хорватияның «Динамо Загреб» командасымен кездесті, деп хабарлайды Kazinform.

футбол
Фото: «Астана» ФК баспасөз қызметі

Кездесуді елордалық команда футболшылары белсенді бастады. Дегенмен олардың тарапынан көп қателік болды.

Елордалық команда плей-офф сатысына өту үшін осы кездесуде жеңіске жетуге тиіс еді.

Ойынның 12-минутында хорватиялық команда қақпасына белгіленген пенальтиден Дембо Дарбо мүлт кетті. 

Бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңді «Астана» футболшылары белсенді бастаған еді.

Соған қарамастан 48-минутта хорватиялық командадан Габриэль Видович мергендік танытса, Такуро Канеко 79-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Астана» қарсыласына 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

«Астана» мен «Динамо Загреб» бұған дейін бес мәрте шеберлік байқасты. Бәрінде хорватиялық клуб басым түсті.

Қазірге дейін астаналық клуб сырт алаңда «Динамо Загребке» 1:5, өз алаңында «Виктория Пльзеньге» 1:2 есебімен жеңілді.

Сондай-ақ, «Балканиді» сырт алаңда 2:1 есебімен тізе бүктірсе, өз алаңында 0:0 есебімен тең ойнады.

Енді 15 желтоқсанда сырт алаңда «Астана» Чехияның «Виктория Пльзень» командасымен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар