Конференция лигасы: «Астана» Уэльстің «Нью-Сэйнтс» командасына есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін елордалық «Астана» Конференция лигасы жалпы кезеңінің 2-туры аясында сырт алаңда Уэльстің «Нью-Сэйнтс» командасымен кездесті.

футбол
Фото: FC Astana

Аталған кездесуге «Астана» командасы негізгі құрам ойыншыларын алып барған жоқ. Олар 27 қазанда ел біріншілігі 24-турындағы «Ақтөбе» командасына дайындалуда.

Сондықтан бүгінгі кездесуде қосалқы құрам мен жастарды алып барды.

Кездесу басталғаннан астаналық команда белсенділік көрсеткен еді. Ойын тізгінін қолға алып, қарсылас клубтың қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Десе де өз мүмкіндігін тиімді пайдалана алған жоқ. Оның кейбірінде уэльстік футболшылар тосқауыл болса, ендігі бірінде «Астана» футболшылары көздеген нысанадан мүл кетіп жатты. Есесіне 40-минутта өзінің қақпасына гол жіберіп алды. Бұл голды Рори Холден өзінің еншісіне жазды.

Екінші кезеңде де елордалық команда шабуылға көбірек көңіл бөлді. Оған уэльстік ұжым қарымта шабуылмен жауап қайырды.

Ал «Нью-Сэйнтс» сапынан Деклан Макманус 78-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Астана» қарсыласына 0:2 есебімен жол берді.

Енді қазақстандық клуб алдағы ойынын 7 қарашада сырт алаңда Кипрдің «Пафос» командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық команда 3 қазанда Сербияның ТСЦ командасын 1:0 есебімен жеңді.

 

Соңғы жаңалықтар