Конференция лигасы: «Астана» жарысты ерте аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық «Астана» UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Швейцарияның «Лозанна» командасынан жеңіліп, еурододадағы жорығын аяқтады.

Конференция лигасы: «Астана» жарысты ерте аяқтады
Фото: ҚФФ

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде швейцариялық клуб 3:1 есебімен басым түсті. Сондықтан бүгінгі ойында «Астананың» екі доп айырмасымен жеңіск жетуі маңызды болатын.
Бірінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екеуінің де есеп ашатын мүмкіндігі болды. Дегенмен оны пайдалана алған жоқ. Нәтижесінде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңді швейцариялық клуб белсенді бастады. Ойынның 48-минутында Бейятт Леквейри есеп ашса, 66-минутта Гауссу Дьяките есепті үстемелей түсті.

Осылайша «Астана» қарсыласына 0:2 есебімен жеңіліп, жарысты ерте аяқтады.
Енлі швейцариялық командаға плей-офф кезеңінде «Сент-Патрикс Атлетик» (Ирландия) пен «Бешикташ» (Түркия) жұбының жеңімпазы қарсылас атанады. Ойындар 21 және 28 тамыз күндеріне белгілеген.

Айта кетсек, «Астана» еурододадағы жорығын Конференция лигасы екінгі іріктеу кезеңінен бастады. Жарыстың аталған сатысында Молдованың «Зимбру» командасын (1:1, 2:0) жеңіп, үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына шықты.

Енді «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтик» командасымен ойнайды.

 

Соңғы жаңалықтар