Конференция лигасы: «Челси» сырт алаңда «Юргорденді» ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Конференция лигасы жартылай финалындағы алғашқы ойындардың нәтижесі белгілі болды.

Жарыстың аталған сатысында англиялық «Челси» сырт алаңда Швецияның «Юргорден» командасын 4:1 есебімен ойсырата жеңді.
Ойынның 13-минутында олардың қатарынан Джейдон Санчо есеп ашса, одан кейін Нони Мадуэке 43, Николас Джексон 59, 65-минутта мергендік танытты. Ал «Юргорден» сапынан Исак Алемайеху 68-минутта жалғыз гол соқты.
Тағы бір кездесуде Испанияның «Бетис» командасы өз алаңында Италияның «Фиорентина» клубымен шеберлік байқасты. Алғашқы минутта испаниялық команда шабуылға көбірек көңіл бөлді. Нәтижесінде Эз Абде 6-минутта есеп ашып кетті.
Оның әріптесі Антони 64-минутта басымдықты арттырса, оған «Фиорентина» сапынан Лука Раньери 73-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Бетис» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Енді қарымта кездесу 8 мамырға белгіленген.
Финал 28 мамырда Польшаның Вроцлав қаласындағы «Тарчиньски Арена» стадионында болады.
Еске салсақ, бұдан бұрын UEFA Чемпиондар лигасы жартылай финалында «Барселона» (Испания) мен «Интер» (Италия) тең түсті.