Конференция лигасы: Қазақстандық клубтардың ықтимал қарсыластары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Астана», «Ордабасы» және «Тобыл» командаларының футболдан Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал қарсыластары анықталды.

«Ордабасы» аталған турнирдің екінші іріктеу кезеңінде 23 шілде мен 1 тамызда «Дифферданж-03» командасын жеңген жағдайда «Струга» (Македония) - «Пюник» (Армения) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Жарыс жолын Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінен бастаған «Астана» алдымен 25 шілде мен 1 тамыз күндері Молдованың «Милсами» клубымен шеберлік байқасады. Бұл кезеңнен өткен жағдайда олар үшінші іріктеу кезеңінде «Корвинул» (Румыния) - «Риека» (Хорватия) жұбының жеңімпазымен жасыл алаңға шығады.
Ал «Тобыл» аталған турнирдің екінші іріктеу кезеңінде 25 шілде мен 1 тамыз күндері швейцариялық «Санкт-Галлен» клубын қапы қалдырған жағдайда «Рига» (Латвия) - «Шленск» (Польша) клубының жеңімпазымен ойнайды.