Конференция лигасы: «Ордабасы» алғашқы кездесуінде «Пюниктен» жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде шымкенттік «Ордабасы» Арменияның «Пюник» командасымен кездесті.

Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Бірінші кезеңде шымкенттік клубтан Владислав Садовский 24-минутта гол соққан еді. Бас төреші аталған голды футболшының ойыннан тыс қалуына байланысты санаған жоқ.
Екінші кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Соған қарамастан командалар таблодағы есепті өзгертуге қолы жетпей жатты. Ойынның 56-минутында «Пюник» сапынан Юсуф Отубанджо қақпадан саңылау тауып кетті.
Өз қақпасына гол жіберіп алған «Ордабасы» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алайда дегеніне жете алған жоқ.
Осылайша «Ордабасы» қарсыласына 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Енді қарымта ойын 15 тамыз күні өтеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын аталған турнирдің екінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Ордабасы» Люксембургтің «Дифферданж-03» командасын қапы қалдырып кетті.
Бүгін 23:00-де «Астана» Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Румынияның «Корвинул Хунедоара» командасымен шеберлік байқасады.