Конференция лигасы: «Ордабасы» алғашқы ойында «Торпедодан» жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM - Шымкенттік «Ордабасы» футбол командасы UEFA Конференция лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасына қарсы өткізді.

Кездесу барысында командалар бір-бірінің қақпасына көп гол соғуымен ерекшеленді. Бірінші кезеңде қарсыластар екі-екі голдан соғып үлгерді.
Алдымен «Торпедо» сапынан Бьорн Маарс Джонсен 30-минутта мергендік танытты. Оған шымкенттік клубтан Михай Кэпэцынэ 32-минутта бір голмен жауап қайырды.
Ал 33-минутта «Ордабасы» сапынан Лука Имнадзе басымдықты арттырса, грузиялық командадан Матей Симик 45-минутта таразы басын теңестірді.
Ойынның 69-минутта Сағадат Тұрсынбай шымкенттік клубты алға шығарса, Бьорн Маарс Джонсеннің екінші голынан кейін қайтадан есеп теңесті.
Кезедсудің 94-минутында грузиялық клубтан Матей Шимич қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Ордабасы» қарсыласына 3:4 есебімен есе жіберді.
Қарымта кездесу 17 шілдеде Шымкент қаласында өткізіледі.
Айта кетсек, аталған турнирде елордалық «Астана» еурокубокты екінші іріктеу кезеңінен бастайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Словенияның «Олимпия» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады.
Сондай-ақ Еуропа лигасында бүгін сағат 00:00 -де «Ақтөбе» сырт алаңда Польшаның «Легия» командасымен ойнайды.