Конго президентінің сапарынан не күтеміз

Қазақстан алыс-жақын елдермен байланысын нығайтып келеді. Оның ішінде Африка мемлекеттері де шет қалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2-3 тамыз күндері Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо Астанаға ресми сапармен келеді. Kazinform тілшісі екі елдің жан-жақты саяси және стратегиялық қарым-қатынасына шолу жасады.

конго
Коллаж: Canva

Қазақстан және Африка 

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Африка елдерімен тауар айналымы төмен деңгейде қалып отыр. 2022 жылы 1 млрд долларды құрап, экспорт – 693 млн, импорт – 314 млн доллар болған. Соған қарамастан, қазақстандық өндірушілер африкалық нарықта табысты бәсекеге түсе алады. Құрлық халқы қарқынды дамып келеді және соған орай тауарлар мен қызметтерді сырттан импорттауды жүйелі түрде қажет етеді.

Конго Республикасы туралы...

Конго Республикаcы Орталық Африка аймағындағы экономикасы дамып келе жатқан және отын экспорттаушы елдердің тізіміне кіреді. Сахараның оңтүстігінде орналасқан, Африканың үшінші ірі мұнай өндіруші мемлекеті. Күніне шамамен 300 мың баррель мұнай өндіреді. Мұнайдан түсетін кірістер ішкі жалпы өнімнің 55 пайызын, экспорттың 85 пайызын және ел бюджетінің 70 пайыздан астамын құрайды.

Браззавиль
Фото: Wikipedia

1997 жылғы 25 қазаннан бері Конгоны Дени Сассу-Нгессо басқарып келеді. Соңғы президент сайлауы 2021 жылдың 21 наурызында өтті (келесі сайлау 2026 жылдың 21 наурызында болады).

Биылғы сәуірдегі мәліметтерге сүйенсек, Конгода 6,1 млн адам тұрады. Астанасы – Браззавиль. Жер көлемі – 342 мың шаршы шақырым.

Экономикасының негізгі салалары – тау-кен өнеркәсібі. Елде сұйытылған газ, цемент, пальма майы, қант шығаратын зауыттар да бар. Ағаш өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, балық аулау дамыған. Газдың, мұнайдың және металдардың (мырыш, мыс, темір рудасы, фосфориттер) табиғи қоры бай.

Қазақстан және Конго Республикасының қарым-қатынасы

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, екі ел арасында дипломатиялық қатынас 25 жыл бұрын – 1999 жылы 21 қыркүйекте орнаған. 2014 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы елшілігі Конго Республикасына да жауапты. Ресми түрде Қазақстан Республикасының Конгодағы елшісі аккредиттелмеген. 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Конгоның Қазақстандағы елшісі – Давид Мадука (жартылай жұмыс күні, резиденциясы Мәскеуде).

Мемлекеттер арасында осы уақытқа дейін жоғары деңгейде сапарлар болмаса да, Конго Республикасының үкіметі Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамаларын қолдап келеді.

Мәселен, 2012 жылғы тамызда ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге Қазақстанның өтінімін ілгерілету үшін біздің дипломаттар Конгоның өкілдерімен кездесті. Нәтижесінде сол жылы қыркүйекте Мысырдағы Конго елшілігінен Қазақстанның ЭКСПО көрмесіне қатысу кандидатурасын қолдайтын нота келді. Сонымен қатар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 2017-2018 жылдары Қазақстанның тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдады.

Құқықтық база

Қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың құқықтық базасы жоқ. Әйтсе де, екі елдің үкіметі екі-үш құжатқа қатысты жұмысты бастап кетті: «Қазақстан Республикасы мен Конго Республикасы арасындағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісім» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Конго Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім» Конго тарапының қарауына ұсынылды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Сауда-экономикалық қатынастар жақсы дамымаған. Себебі Қазақстан мен Конгоның іскер топтары арасындағы байланыстар және мемлекеттер арасындағы оңтайлы логистика жолға қойылмаған.

конго
Инфографика: Kazinform

 

Екі ел арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 14,7 мың долларды (экспорт – 14,5 мың доллар, импорт – 0,2 мың доллар), 2022 жылы – 15,5 мың долларды (экспорт – 0,7 мың доллар, импорт – 14,8 мың доллар) құрады. Әзірге 2024 жылға арналған сауда деректері жоқ.

Президенттердің алғашқы кездесуі

2023 жылғы 1-2 желтоқсанда Дубайда өткен COP-28 (Климатты реттеу саласындағы өңірлік ынтымақтастық) Тараптарының климаттық конференциясы аясында Қазақстан мен Конго президенттерінің бірінші кездесуі өтті. Оның барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конго президенті Дени Сассу Нгессоны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

СОР-28
Фото: Akorda

Конго президентінің сапары қарсаңында...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2-3 тамыз күндері Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо Қазақстанға ресми сапармен келеді.

Бұл сапардың алдында – 10-11 маусымда Конго президентінің стратегиялық мәселелер және халықаралық келіссөздер жөніндегі жеке өкілі Франсуаза Жоли Астанаға келді. Ол Қазақстан Президентімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бірқатар мемлекеттік органдарының (Сыртқы істер министрлігі, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Цифрлық даму министрліктерінің) басшылығымен кездесті. Франсуаза Жоли Мемлекет басшысымен кездесуінде Конго Республикасы Президентінің Қазақстанға жасайтын алдағы сапарына қатысты мәселелер, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды.

Қазақстанның Эфиопиядағы және Кениядағы (қоса атқарушы) елшісі, Африкалық одақ пен ЮНЕП жанындағы тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Kazinform тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында Конго Республикасының Сыртқы істер, ынтымақтастық және шет елдердегі конголездіктер жөніндегі министрі Жан-Клод Гакоссо да елімізбен ынтымақтастықтың келешегін жоғары бағалағанын атап өтті.

Жан-Клод Гакоссо Конго президенті Дени Сассу-Нгессоның Қазақстанға алдағы уақытта жасайтын сапарын тәжірибелік мазмұнмен толтыру ниеті мен өзара қызығушылық танытатын салалардағы ынтымақтастықты дамытуға зор мүдделік танытты. Қазіргі уақытта екі елдің арасындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық көлемі қолда бар мүмкіндіктерге сәйкес келмейді. Алайда, өзара ынтымақтастық үшін қолдағы бар орасан зор әлеуетті жүзеге асыру маңызды және бұл Конго Президенті Дени Сассу-Нгессоның елімізге сапарының негізгі мақсаты. Сапар барысында Конгомен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін екіжақты бірқатар құжатты қабылдау жоспарланып отыр, – деді қазақстандық дипломат Барлыбай Садықов.

Конго Республикасының президенті Дени Сассу-Нгессо

Дени Сассу-Нгессо 1943 жылы 23 қарашада Кювет (орталық Конго; ол кезде Францияның колониясы) департаментіндегі Ойо қаласына жақын жерде орналасқан Эду ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.

Конго Республикасының президенті Дени Сассу-Нгессо
Фото: PHILL MAGAKOE

1979 жылы 8 ақпанда Дени Сассу-Нгессо Конго Халық Республикасының басшысы болып жарияланды. 26-30 наурызда өткен съезде Сассу-Нгессо ҚКП Орталық комитетінің төрағасы және Конго Халық Республикасының төрағасы болып бекітілді (1973 жылғы конституцияға сәйкес).

Дегенмен елде түрлі саяси және әскери қақтығыстар болып, 1994 жылы Сассу-Нгессо отбасымен бірге елден кетті. 1997 жылдың қаңтарына дейін Парижде тұрды. Конгоға сол жылдың шілдесіне жоспарланған президенттік сайлауға қатысу ниетімен оралды (ол болған жоқ). Маусымда Сассу-Нгессоны қолдайтын топтар мен сол кездегі президент Лисубаның жақтастары арасында қарулы қақтығыстар қайта басталды, оған үкімет армиясының бөлімшелері де қолдау көрсетті. Алайда Сассу Нгессоның жақтастары жеңіске жетіп, Браззавилге бақылау орнатты. Сөйтіп 1997 жылдан бастап Дени Сассу-Нгессо Конго Республикасының президенті болып келеді.

Қорытындылайтын болсақ, Дени Сассу-Нгессоның Қазақстанға сапары екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді деген үміттеміз. Жоғары деңгейдегі алғашқы сапар нәтиже берері сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар