Конгода басталған Эбола індеті тағы төрт елге тарады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы мамырда Конго Демократиялық Республикасында (КДР) басталған Эбола безгегінің өршуі тағы төрт елге тарады. КДР-дың өзінде ауру жұқтырғандар саны 9,5 мың адамнан асып, олардың 4,6 мыңнан астамы қайтыс болды, деп хабарлайды Associated Press.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, бұл індет бақылау тарихындағы ең жылдам таралған індетке айналды. Ауру Орталық, Шығыс және Батыс Африкада, сондай-ақ Францияда тіркелген.
Індеттің өршуіне Эбола вирусының сирек кездесетін Бундибуджио түрі себеп болған. Қазіргі уақытта бұл вирусқа қарсы мақұлданған вакцина да, арнайы емдеу әдісі де жоқ.
Ауру жұқтырғаны соңғы рет расталған ел — Нигерия. Мұнда Угандадан ел астанасы Абуджаға келген әйелден инфекция анықталды. Оның бойында алғашқы белгілер 7 қазанда байқалып, 11 қазанда науқас жеке клиникаға жатқызылды.
Нигерияның денсаулық сақтау министрі Мұхаммад Пате мамандар науқаспен байланыста болған 44 адамды анықтағанын хабарлады. Билік инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылдап жатыр.
Угандада Эбола індеті көршілес Конго Демократиялық Республикасымен бір мезгілде, мамыр айында тіркелді. Елде барлығы 20 адам инфекция жұқтырғаны анықталып, олардың екеуі қайтыс болды. Тағы 18 науқас сауығып кетті. ДДҰ 27 тамызда Угандадағы індеттің аяқталғанын жариялады. Елде жаңа жағдайлар тіркелген жоқ.
Кенияда аурудың алғашқы жағдайы 6 қазанда Конгодан Уганда арқылы келген ер адамнан анықталды. Кейін науқас қайтыс болды.
Қазіргі уақытта елде инфекция жұқтырғандар саны тоғыз адамға жетті. Олардың арасында алғашқы науқастың төрт туысы мен төрт медицина қызметкері бар. Билік науқастармен байланыста болған 135 адамды анықтады. Олардың 134-і карантинге алынған.
Африкадан тыс жерде ауру Францияда анықталды. Маусым айында Конгодағы гуманитарлық миссиядан оралған дәрігерден инфекция расталды. Ем қабылдағаннан кейін науқас сауығып, 4 шілдеде медициналық мекемеден шығарылды.
Мамандардың бағалауынша, вирустың таралуына қарсы күрестегі негізгі мәселелердің бірі — инфекция жұқтырғандарды дер кезінде анықтамау. Көптеген жағдайда диагноз алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін ұзақ уақыт өткен соң немесе науқастар бір елден екінші елге барғаннан кейін ғана расталған.
Бұған дейін Конго Демократиялық Республикасында Эболадан әр 30 минут сайын бір адам қайтыс болатыны хабарланған еді.
Айта кетелік Нигерияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді.