Конгода Эбола вирусынан көз жұмғандар саны 6 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасында тарихтағы ең жойқын Эбола індетінен көз жұмғандар саны 6 025 адамға жетті. Бұл туралы Reuters агенттігі ресми деректерге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Report.az.

Конгода Эбола вирусынан көз жұмғандар саны 6 мыңнан асты
Фото: Report

Мәліметке сәйкес, елдің сегіз провинциясында вирусты жұқтырғандар саны 12,2 мыңнан асты.

Эболаның қазіргі, 17-ші өршу кезеңі биыл 15 мамырда басталған. Індеттің таралуына сирек кездесетін Бундибуджио вирус штамы себеп болған. Мамандардың мәліметінше, вирустың бұл түріне қарсы әзірге вакцина да, арнайы емдеу хаттамасы да жоқ.

Ресми деректер бойынша, аурудан қайтыс болғандардың үлесі шамамен 49 пайызды құрайды.

Инфекцияның таралуына қаржы тапшылығы, халықтың медициналық мекемелерге деген сенімсіздігі және елдің кейбір аймақтарындағы тұрақсыз жағдай әсер етіп отыр.

Қазіргі індет ауқымы жағынан 2014–2016 жылдары Батыс Африкада болған Эбола эпидемиясынан кейінгі екінші ірі өршу саналады. Сол кезде 11 мыңнан астам адам көз жұмған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Конгода Эболаға қарсы екі жаңа вакцина клиникалық сынақтан өтетінін жаздық.