Конгода Эболаға қарсы екі жаңа вакцина клиникалық сынақтан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) жанынан құрылған сарапшылар топтары Эбола вирусына қарсы әзірленген екі жаңа вакцинаны Конго Демократиялық Республикасында өтіп жатқан клиникалық зерттеулерге қосуды ұсынды. Бұл туралы Kazinform БҰҰ жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Бұл — қазіргі ауру өршуіне себеп болған Бундибуджио вирусынан қорғау үшін арнайы әзірленген вакциналардың нақты эпидемиологиялық жағдайда алғаш рет сыналуы.
Әңгіме Оксфорд университеті Үндістанның Сарысу институтымен бірлесіп әзірлеген ChAdOx1 вакцинасы және Moderna компаниясының mRNA-1469 препараты туралы болып отыр. Осы аптада ДДҰ-ның вакцина-кандидаттарды іріктеу жөніндегі тәуелсіз консультативтік тобы доклиникалық және клиникалық зерттеулердің бастапқы нәтижелеріне сүйене отырып, екі препаратты да әрі қарай сынауды ұсынды.
— Бұл вакциналардың клиникалық сынақ кезеңіне өтуге дайын болуы ғылымның әлеуеті мен халықаралық әріптестіктің нәтижесін көрсетеді. Осы кезеңге жетуге үлес қосқан Конго Демократиялық Республикасындағы және әлемнің басқа елдеріндегі ғалымдарға, медицина қызметкерлеріне, серіктестерге, әсіресе зерттеуге қатысушыларға алғыс айтамын, — деді ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.
Зерттеу барысында бірыңғай хаттама бойынша бірнеше вакцина-кандидаттың тиімділігі қатар бағаланады. Ғалымдар «сақиналы вакцинация» әдісін қолданады. Бұл тәсіл бойынша зерттеуге Бундибуджио вирусынан туындаған ауруы расталған науқастармен байланыста болған адамдар қатысады.
Бұл әдіс ДДҰ мен оның серіктестерінің осыдан он жыл бұрын Батыс Африкада Эбола індеті кезінде жинаған тәжірибесіне негізделген. Сол кезде Гвинеяда жүргізілген зерттеу Ervebo вакцинасының тиімділігін растаған еді. Қазіргі зерттеу аясында Ervebo вакцинасының Бундибуджио вирусына қарсы әсері де алғаш рет бағаланады.
Сонымен қатар ауруды емдеудің ықтимал тәсілдері де сыналып жатыр. ДДҰ қолдауымен жүргізіліп жатқан зерттеулердің бірі MBP134 моноклоналды антиденесі, ремдесивир вирусқа қарсы препараты немесе олардың комбинациясы Бундибуджио вирусын жұқтырған науқастардың аман қалу мүмкіндігін арттыра ала ма деген мәселені қарастырады.
Бұдан бөлек, жақын арада зерттеуге мафтивимаб препараты қосылып, оның емдеу құралы ретіндегі әлеуеті бағаланады. Сондай-ақ обельдевисир препаратын қолдану арқылы жұқтырған адаммен байланыстан кейінгі профилактика бойынша жеке зерттеу жүргізіліп жатыр.
Емдеу әдістеріне қатысты алғашқы зерттеу нәтижелері алдағы бірнеше айда жарияланады. Ал вакциналардың клиникалық сынақ қорытындысы 2027 жылдың басында белгілі болады.
Еске салайық, бұған дейін Африка елдері Эбола індеті өршісе де, шекарасын жаппай отырғанын хабарлаған едік.