Конгода содырлар 70-ке жуық адамды өлтіріп тастаған

АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасының солтүстік-шығысындағы Итури провинциясында жасалған қарулы шабуыл салдарынан кемінде 69 адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мен қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздерге сүйеніп AFP агенттігі жазды.

Конгода содырлар 70-ке жуық адамды өлтіріп тастаған
Фото: Un.org

Бұл – Угандамен шектесетін, алтын кен орындарына бай Итури провинциясында соңғы жылдары жалғасып келе жатқан қанды шабуылдардың кезектісі.

Дереккөздердің айтуынша, шабуылды сәуір айының соңында CODECO («Конгоны дамыту кооперативі») қарулы тобына қатысы бар содырлар жасаған.

Олар сондай-ақ аймақта CODECO жасақтарының әлі де болуы салдарынан қауіпсіздік жағдайы күрделі болып, қаза тапқандардың денелерін бірнеше күн бойы алып шығу мүмкін болмағанын айтты.

Қауіпсіздік қызметі қаза тапқандар саны 69 адам екенін мәлімдеді. Алайда жергілікті азаматтық қорғаныс қызметінің өкілі Дьедонне Лоса AFP агенттігіне 70-тен астам адамның мерт болғанын хабарлаған.

CODECO тобы негізінен егіншілікпен айналысатын ленду қауымдастығының мүддесін қорғайтынын мәлімдейді. Әсіресе олар мал шаруашылығымен айналысатын хема қауымдастығына қарсы әрекет ететінін айтады.

Провинцияда әрекет ететін тағы бір қарулы топ – CRP («Халықтық революция конвенциясы») өздерін хема қауымының қорғаушысымыз деп таныстырады.

Бұл екі топ аймақтағы жалғыз қарулы ұйым емес. Мұнда сондай-ақ бұрынғы угандалық бүлікшілер құрған және кейін «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына адалдық білдірген ADF («Одақтас демократиялық күштер») тобы да әрекет етеді.

Жергілікті билік пен қауіпсіздік құрылымдарының мәліметінше, ADF содырлары бейсенбі күні Итури және Солтүстік Киву провинцияларында екі күн ішінде жасалған шабуылдар барысында кемінде 36 адамды өлтірген.

2021 жылдан бері Уганда әскері Конго армиясымен бірге Солтүстік Киву мен Итуридің солтүстік бөлігінде ADF тобына қарсы операция жүргізіп келеді. Кей жағдайларда Конго армиясы CODECO тобын қосалқы күш ретінде пайдаланады.

Сенбі күні БҰҰ-ның Конго Демократиялық Республикасындағы миссиясы (MONUSCO) елдің шығысындағы тұрақсыз аймақтарда бейбіт тұрғындарға қарсы «өлімге әкелетін» шабуылдар толқыны күшейгені жөнінде ескерту жасады.

MONUSCO мәліметінше, соңғы күндері Итури, Солтүстік Киву және Оңтүстік Киву провинцияларында ондаған бейбіт тұрғын қаза тапқан. Алайда ұйым қосымша мәлімет бермеді.

Пайдалы қазбаларға бай Конгоның шығыс өңірі соңғы 30 жыл бойы түрлі қарулы топтар, жасақтар мен армия бөлімдері арасындағы қақтығыстардан көз ашпай келеді.

Еске сала кетсек, наурыз айындас Конгодо шахта опырылып, 200-ден астам адам қаза тапқанын жаздық.