Конгодағы қазақстандық бітімгерлерді БҰҰ марапаттады

АСТАНA. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасында әскери қызметшілер – подполковник Алтынбек Жалмұханов пен майор Батыр Тұяқов БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға қосқан үлесі үшін медальдарымен марапатталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Бітімгерлік миссиясы
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

«Салтанатты күні бітімгерлік күштер шеруін басқару БҰҰ миссиясының әскери бақылаушылары бас штабының бастығы подполковник Алтынбек Жалмұхановқа бұйырды. Бұл біздің бітімгерлердің ел беделінің артуына қосқан үлесі», — деп хабарлады ведомстводан.

Марапаттау рәсімінде миссия қолбасшысы генерал-майор Кхар Диуф Алтынбек Жалмұхановтың сіңірген еңбегін атап, оның өңірдегі ахуалды тұрақтандыруға қосқан үлесіне, көшбасшылық қасиеттері мен ісіне адалдығына тоқталып өтті.

Бітімгерлік миссиясы
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Офицерлер Алтынбек Жалмұханов пен Батыр Тұяқов «Біріккен Ұлттар Ұйымының Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссиясы» құрамында қызмет етіп жүр.

Майор Б. Тұяқов — Қазақстанның Қарулы күштерінен осы елдегі бітімгерлік миссияға қатысушы алғашқы өкілі. Бір жыл ішінде ол әскери бақылаушы ретінде абыроймен қызмет етіп, өзін жоғары деңгейлі кәсіби маман ретінде көрсетті.

Бітімгерлік миссиясы
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Естеріңізге сала кетсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссиясының мандаты бейбіт тұрғындарды, гуманитарлық персонал мен құқық қорғаушыларды қорғауды, үкіметті бейбітшілікті тұрақтандыру және нығайту жөніндегі жұмысына қолдау көрсетуді қамтиды.

Бұған дейін Орталық Африка Республикасындағы қазақстандық бітімгерлердің кезекті ротациясы өткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар