Қоныс аударғандарға берілетін тұрғын үй сертификаты 7 млн теңгеге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өңірлік ипотекалардың бастапқы жарна сертификаты 2,5 млн теңгеге өседі. Осы уақытқа дейін 4 млн 561 мың теңге беріліп келсе, 2026 жылы 7 млн 29 мың теңге шамасында болады.
Елімізде қоныс аударуға келіскен Қазақстан азаматтарына экономикалық мобильділік сертификаты беріледі. Аталған сертификат арқылы қаржылай көмек алып тұрғын үй сатып алуға болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта ішкі көші-қонды реттеуге арналған ипотекалық бағдарламаға өзгеріс енгізілетінін мәлім етті.
— Ауылдық елді мекендерде тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық мобильдік сертификаты (бұдан әрі — ЭМС) немесе облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна енгізілді. Биылғы тұрғын үй нарығын талдау нәтижелерін ескере отырып, оның мөлшері 1 160 АЕК-тен (1 160×3 932=4 млн 561 мың теңге — ред.) 1 625 АЕК-ке (1 625×4 325=7 млн 29 мың теңге — ред.) дейін ұлғайтылды, — делінген хабарламада.
Бұл өзгеріс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, Қазақстанда қандастар мен қоныс аударушыларға өмір сүру жағдайын жақсартуға және жаңа өңірлерге бейімделуіне бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Қоныс аударушылар үшін келесі қолдау шаралары қарастырылған:
-
тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық қарызды жабу үшін бір реттік ақшалай көмек;
-
көшіп келу, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын өтеу;
-
жаңа мекенде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікпен айналысуға жәрдемдесу;
-
жұмыс берушінің сұранысы болған жағдайда кәсіби оқыту.
2026 жылға арналған төлемдер көлемі төмендегідей болады:
-
көшіп келу үшін — 70 АЕК (әр отбасы мүшесіне 302 750 теңге);
-
тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер — 15–30 АЕК аралығында (ай сайын 12 ай бойы, отбасы құрамы мен орналасқан жеріне байланысты);
-
экономикалық мобильдік сертификаты — 2025 жылы 1160 АЕК (4 561 120 теңге) болса, 2026 жылы 1 625 АЕК (7 млн 29 мың теңге) төленеді, бұл тұрғын үйдің құнының 50%-ын жабады. Қалған соманы қоныс аударушы өзі төлеуі қажет.
СҚО әкімдігінің ішкі саясат басқармасының мәліметінше, өңірде нақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бар. 2025 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысы аудандарында 881 бос жұмыс орны ашық екені хабарланды.